АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық әлемнің 110-ракеткасы Михаил Кукушкин Доха (Қатар) ATP 500 турнирінің іріктеу жарысын жеңіспен бастады.
Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 281-орында тұрған испаниялық Даниэль Мерида-Агилармен өткізді.
Бірінші партияда Кукушкин 6:2 есебімен басым түсті. Екіншісінде де есесін жібермеді – 6:4.
Бір сағат 23 минутқа созылған бәсеке барысында М.Кукушкин эйс жасамағанымен, 12 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Мерида-Агилар 4 брейк-пойнттың тең жартысын өз есебіне жазды.
Михаил Кукушкин іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 83-ракеткасы, италиялық Люка Нардимен кездеседі. Оны жеңсе, негізгі жарысқа жолдама алады. Л.Нарди рейтингіде 157-сатыдағы жапониялық Ясутака Утиямадан айласын асырды – 6:4, 6:4.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Түркиядағы турнирдің финалында есе жібергенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).