КОБЛЕНЦ. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 255-ракеткасы Михаил Кукушкин Кобленц (Германия) челленджер турнирін жеңіспен бастады.
Қазақстандық теннисші алғашқы кездесуін әлемдік рейтингіде 260-орында тұрған франциялық Максим Жанвьемен өткізді.
Бірінші партияда М.Кукушкин 6:4 есебімен басым түсті. Екіншісінде тіпті бет қаратпады десе болады — 6:1.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Кукушкин 1 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жіберген жоқ. М.Жанвье 4 эйс, 1 брейкпен көзге түсті.
Михаил Кукушкин ширек финалға шығу үшін рейтингіде 222-сатыдағы америкалық Мартин Даммен таласады.
Ол әлемнің 198-ракеткасы, италиялық Маттиа Белуччиді тізе бүктірді — 6:3, 6:3.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан атынан өнер көрсететін Александр Шевченконың ТОП-50-ден шығып қалғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).