АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық, әлемнің 165-ракеткасы Михаил Кукушкин Тенерифе (Испания) челленджер турнирінің ширек финалына шықты.
Жарысты іріктеу сайыстарынан бастаған қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 231-орында тұрған болгариялық Димитар Кузмановты қапы қалдырды.
Бірінші партияда болгариялық спортшы 2:0 есебімен алға кеткенімен, Кукушкин өз пайдасына шеше білді - 6:4.
Екінші сетте де Михаил 0:3 есебімен жеңіліп жатып, қарымта қайтарды - 7:5.
Екі сағат 7 минутқа созылған бәсеке барысында М.Кукушкин 2 эйспен бірге 15 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жібермеді.
Михаил Кукушкин жартылай финалға шығу үшін рейтингіде 401-сатыдағы Испания өкілі Даниэль Мерида Агилармен таласады. Ол ширек финалда әлемнің 325-ракеткасы, италиялық Рауль Бранкаччиодан айласын асырды - 3:6, 6:1, 7:6 (7:2).
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Дубай ATP 500 турнирінің жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).