АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 223-ракеткасы Михаил Кукушкин Италиядағы Андрия турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 98-інші, осы жарыстың 1-ракеткасы, мажарстандық Мартон Фучовичпен шеберлік байқасты.
Михаил Кукушкин қарсыласын 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктірді.
Бір сағат 18 минутқа созылған матчта Кукушкин эйс жасамағанымен, 11 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. М.Фучович 2 эйс, 2 брейкпен көзге түсті.
М.Кукушкин финалда әлемнің 197-ракеткасы, швейцариялық Леонардо Рейдимен бас жүлдені сарапқа салады.
Өз спорттық жолында қазақстандық теннисші жекелей сында 14 рет челленджер жарыстарының жеңімпазы атанды. Соңғы рет Михаил 2018 жылы Ирвингте (АҚШ) үздік шықты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Италиядағы жарыстың жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.
Фото: ktf.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).