АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 223-ракеткасы Михаил Кукушкин Италиядағы Андрия челленджер турнирінің финалында жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Соңғы бәсекеде қазақстандық теннисші әлемнің 197-ракеткасы, швейцариялық Леандро Рейдльмен кортқа шықты.
Тартысты өрбіген бірінші партияда 20 жастағы швейцариялық спортшы тай-брейкте әбжілдік танытты – 7:6 (7:4). Ол екінші сетте де 2:0 есебімен алға кетіп, сол басымдылығын сақтап қалды – 6:3.
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған бәсекеде М.Кукушкин 6 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Қарсыласы 4 эйс, 4 брейкпен (12 брейк-пойнт) көзге түсті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Италиядағы турнирдің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ теннистен Қазақстан құрамасы Дэвис кубогінің іріктеу сайысында Чилимен ойнайды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).