Михаил Кукушкин Италиядағы жарыстың жартылай финалына өтті

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 223-ракеткасы Михаил Кукушкин Италиядағы Андрия челленджер турнирінің жартылай финалына өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 122-інші, жарыстың 5-ракеткасы, аустриялық Юрий Родионовпен күш сынасты.

Бірінші партияда М.Кукушкин бет қаратқан жоқ – 6:0.

Екінші сетті тағы бір брейкпен түйіндеді – 7:5.

Сағат жарымға созылған бәсеке барысында қазақстандық спортшы 1 эйс жасап, 10 брейк-пойттың төртеуін пайдаланды. Қарсыласы 4 эйспен көзге түсті.

Михаил Кукушкин финалға шығу үшін әлемнің 98-інші, доданың 1-ракеткасы, мажарстандық Мартон Фучович немесе рейтингте 332-сатыдағы италиялық Стефано Травальяның біреуімен таласады.

2018 жылы Ю.Родионов Алматы челленджер жарысында үздік шыққан еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Италиядағы турнирдің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.