АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық теннисші, әлемнің 135-ракеткасы Михаил Кукушкин Ноттингем (Ұлыбритания) челленджер турнирінің ширек финалына шықты.
Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуінде әлемнің 141-ракеткасы, америкалық Патрик Кипсонды жарыс жолынан тайдырды. Нақтырақ айтқанда, Кукушкин 3 сағат 20 минутқа созылған тартысты матчта қарсыласын 6:7 (3:7), 7:5, 7:6 (7:3) есебімен тізе бүктірді.
Михаил екінші айналымда әлемнің 127, осы жарыстың 4-ракеткасы, франциялық Гарольд Майодан айласын асырды - 7:6 (7:3), 6:3.
Бір сағат 36 минутқа созылған бәсеке барысында қазақстандық спортшы 3 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Майо 15 эйспен ерекшеленді.
Михаил Кукушкин жартылай финалға шығу үшін әлемнің 183-ракеткасы, Ұлыбритания өкілі Билли Харрис немесе рейтингіде 224-орындағы бразилиялық Жуан Фонсеканың қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Штутгарт турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Дмитрий Попко Загребте кеткен есені Братиславада қайтарды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).