Михаил Кукушкин Ноттингем турнирінің финалынан тыс қалды
20:44, 10 Ақпан 2024
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 247-ракеткасы Михаил Кукушкин Ноттингем (Ұлыбритания) челленджер турнирінің финалына шыға алмады.
Қазақстандық спортшы жартылай финалда әлемнің 250-ракеткасы, франциялық Маттео Мартиноға қарсы келді.
Франциялық теннисші 6:4, 7:6 (7:5) есебімен М.Кукушкиннің жолын бөгеді.
Сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсеке барысында М.Кукушкин 3 эйспен ғана шектелді. Қарсыласы 14 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың біреуін пайдаланып кетті.
М.Мартино финалда әлемнің 198-ракеткасы, тағы бір франциялық Джованни Мпеши-Перрикармен бас жүлдені сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың АҚШ-та үш сағаттық матчта қарсыласын жеңіп, жартылай финалға өткенін жазған болатынбыз.