АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 195-ракеткасы Михаил Кукушкин Порту (Португалия) челленджер турнирін жеңіспен бастады.
Қазақстандық теннисші алғашқы кездесуін рейтингіде 247-орындағы ресейлік Аслан Карацевпен өткізді.
Бірінші партияда тай-брейкте Кукушкин табандылық танытты — 7:6 (9:7).
Екінші сетте оған жеңіс үшін 1 брейк жеткілікті болды — 6:4.
Бір сағат 45 минутқа созылған бәсекеде Кукушкин 7 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Карацев 10 эйспен көзге түсті.
Михаил Кукушкин ширек финалға шығу үшін әлемнің 232-ракеткасы, швециялық Элиас Имермен таласады.
Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 325-сатыдағы Денис Евсеев алғашқы айналымда әлемнің 227-ракеткасы, литвалық Эдас Бутвиласпен ойнайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Президент кубогында Заңғар Нұрланұлының алғаш рет өнер көрсеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).