АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 134-ракеткасы Михаил Кукушкин Порту (Португалия) челленджер турнирінің жартылай финалына жолдама алды
Жарыстың 3-ракеткасы атанған қазақстандық спортшы ширек финалда рейтингіде 678-орында тұрған испаниялық Алекс Мартинестің мысын басты.
Тартыстылау өрбіген бірінші партия Кукушкиннің пайдасына шешілді – 6:4. Екінші сетте Михаил қарқынын одан сайын үдетті – 6:1.
Бір сағат 15 минутқа созылған бәсеке барысында Кукушкин 1 эйспен бірге 5 брейк-пойнттан шашау шығарған жоқ. Мартинес 1 брейктен аса алмады.
Михаил Кукушкин финалға шығу үшін әлемнің 249-ракеткасы, даниялық Аугуст Хольмгренмен таласады. А.Хольмгрен екінші айналымда тартысты матчта тағы бір қазақстандық Тимофей Скатовты жолдан тайдырды – 7:6 (8:6), 7:6 (7:5). Содан кейін ширек финалда франциялық Артур Реймондты қапы қалдырды – 6:2, 4:6, 6:3.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Новак Джоковичтің Олимпиада тарихында жартылай финалға шыққан ең жасы үлкен теннисші атанғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).