Михаил Кукушкин Шанхай мастерс жарысының екінші айналымына шықты
Қазақстандық Михаил Кукушкин Шанхай (Қытай) мастерс турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарысты іріктеу сайыстарынан бастаған, дүниежүзілік рейтингте 245-орында Михаил Кукушкин бастапқы кездесуін әлемнің 81-ракеткасы, франциялық Александр Мюллермен сәтті өткізді.
Бірінші партияда тай-брейкте франциялық спортшы 7:6 (8:6) есебімен басым түсті. Дегенмен содан кейін М.Кукушкин ойын тізгінін өз қолына ала білді – 6:3, 6:2.
Екі сағат 41 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында қазақстандық теннисші брейк жасамағанымен, 4 брейк-пойнттан шашау шығаған жоқ. А.Мюллер 10 эйс, 1 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.
Михаил Кукушкин екінші айналымда әлемнің 33-ракеткасы, ұлыбританиялық Дэниел Эванспен шеберлік байқасады.
Жүлде қоры 8,8 млн АҚШ долларына бағаланған Шанхай додасы 15 қазанда мәресіне жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Рыбакинаның 16 жасар ресейлік теннисшіні жеңіп, Бейжің турнирінің ширек финалына шыққанын жазған едік.