Михаил Шайдоровқа портреті бейнеленген кілем сыйға берілді

Фото: Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Мәнерлеп сырғанаудан қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров Алматыға келгенде ерекше сыйлыққа ие болды. Оған өз портреті салынған кілем тарту етілді.

Оңтүстік астананың халықаралық әуежайында салтанатты түрде қарсы алу рәсімі кезінде Ассоль лақап атымен жұмыс істейтін танымал қазақстандық суретші Әсел Сабыржанқызы спортшыға өнер туындысын сыйға тартты.

Бұған дейін суретші бұл портретті жасау барысын әлеуметтік желідегі парақшасында көрсеткен болатын.

Айта кетейік, Михаил Шайдоров Алматыға ұшып келді. Алматылықтар оны зор қошеметпен қарсы алды. Олардың арасында қала әкімдігінің өкілдері, сондай-ақ спортшының отбасы мен достары болды.

Олимпиада чемпионы туған жерге жеткендегі қуанышын білдіріп, жылы лебіз бен қолдау көрсеткен отандастарына алғыс білдірді.

Михаил Шайдоров қысқы Олимпиада ойындарында алтын жүлдені жеңіп алды. Ол Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен XXV қысқы Олимпиада ойындарының ерлер арасында мәнерлеп сырғанаудан қысқа бағдарламада 92.94 ұпай, еркін бағдарламада 198.64 ұпай — жалпы 291.58 ұпай жинады. 

25 ақпан күні әлемдік додада көк туымызды желбіреткен отандасымыз Михаил Шайдоров елордаға ұшып келді.

Кейін Ақорда резиденциясында ХХV Қысқы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Михаил Шайдоров пен оның жаттықтырушыларын марапаттау рәсімі өтті. Президент XXV Қысқы Олимпиада ойындарындағы жетістіктері үшін Михаил Шайдоровты ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, бапкері, жаттықтырушы-кеңесші Алексей Урмановты ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.