Микро және шағын бизнес табысын жасырып, ақша айналымын азайтып көрсетеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлермен кездесуде әділ салық саясатын жүргізудің маңызына тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

«Экономиканы ынталандыратын әділ салық саясатын жүргізу қажет. Салық заңнамасының күрделілігі мен тұрақсыздығына бизнестің шағымдануы азаймай тұр. Бұл инвесторлардың сенімін азайтып, бизнеске жоқ жерден мәселе туындатады. Салық органдары кәсіпкерлерді жаппай сотқа тартып жатыр. Атап айтқанда, келісімдерді жарамсыз деп тану жөнінде талап-арыздар көп беріледі. Соттардың жүктемесі едәуір артты. Оларға салықтың дұрыс төленуін тексеру міндеті де жүктелді. Бұған жол беруге болмайды. Жағдайды түзеу үшін шаралар қажет. Үкімет жаңа Салық кодексінде салықтан жалтаруға қарсы іс-қимылдың тиімді механизмін қарастыруы қажет. Сондай-ақ тауарсыз операцияларды анықтаудың нақты критерийлерін анықтау керек. Заңнама неғұрлым оңай болса, оны қате түсіну ықтималдығы да соғұрлым азаяды. Сондықтан рәсімдерді түбегейлі қысқартып, екіұшты тұжырымдарды жою қажет. Барлық даулы жағдай салық төлеушілердің пайдасына қарай түсіндірілуі керек», - дейді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, елдегі салықтың 80 пайызын 260-қа жуық компания төлейді. Бұл теңгерімсіздікті басқа салық төлеушілердің салықтық түсімін арттыру арқылы түзету керек.

Сарапшылардың бағалауына сәйкес, елімізде жұмыспен қамтылған жалпы халықтың төрт миллионы табысынан салық төлемейді.

Жеңілдетілген салық режимі енгізілгеніне қарамастан, микро және шағын бизнес субъектілері табысын жасырып, ақша айналымын азайтып көрсетеді.

«Бизнес субъектілерінің 70 пайызға жуығы жеңілдетілген декларацияда 5 миллионнан аз табыс көрсетіп, осы режим аясындағы түсімдердің 6 пайызын ғана төлейді. Сондықтан салық процедураларын жеңілдетіп, халықпен және бизнеспен тиімді қарым-қатынас жасау арқылы белсенді салық төлеушілерді көбейту жаңа салық саясатының негізгі мақсаттарының бірі болуға тиіс. Салық төлеуден жалтарудан, жергілікті бақылаушы органдармен тіл табысып, тәуекелге барудан гөрі салық төлеу тиімді әрі оңай болуы керек. Салық заңнамасын өзгерту жұмыстарын созбалаңға салуға болмайды», - деп атап өтті Президент.