Микроқаржы омбудсмені институты 21 желтоқсанда жұмысын бастайды

Фото: pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарыз алушылардың құқықтарын қорғайтын микроқаржы омбудсмені институты 21 желтоқсанда жұмысын бастайтын хабарлады.

Агенттік ақпаратында микроқаржы омбудсмені қазақстандықтардың микрокредиттерге байланысты дауларын, соның ішінде мерзімі өткен қарыздарды реттеп, коллекторлық агенттіктермен туындаған мәселелерді қарайтыны айтылған.

- Омбудсменнің көмегіне тек микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) клиенттері – жеке тұлғалар жүгіне алады. Оның қызметтері тегін болады. Омбудсмен тәуелсіз төреші ретінде әрекет етіп, дауларды сотқа жүгінбей шешуге ықпал етеді. Бұл ретте омбудсмен қабылдаған шешімді микроқаржы ұйымы мен қарыз алушы орындауға міндетті. Егер тараптардың келісімімен басқа мерзім белгіленбесе, микроқаржы омбудсменінің шешімі 30 күннің ішінде орындалуы керек, - деп жазады агенттіктің ресми сайты.

Ресми ақпаратта микроқаржы омбудсменінің құзыретіне сотқа жолданған істер немесе заңды күшіне енген сот актілері кірмейтіні де айтылған.

- Сондай-ақ дәлелденбеген жағдайлар бойынша немесе жаңа мән-жайлары анықталмай қайта жолданған өтініштер қаралмайды, - деп жазады агенттік мамандары.

Ведомствоның дерегі бойынша, елімізде микроқаржы қызметтерін көрсететін 220 ұйым, 215 кредиттік серіктестік және 497 ломбард бар.

Бұған дейін микроқаржы ұйымдарына борышкерлерге сағат 21:00-ден кейін қоңырау шалуға тыйым салынатынын жазған едік.