Микроқаржы ұйымдарының жарнама жасауына тыйым сала алмаймыз – Олжас Қизатов
АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов Сенат ұйымдастырған дөңгелек үстелден кейін микроқаржы ұйымдарының «агрессивті» жарнамасы туралы пікір білдірді.
- Жарнама жолдау – әр микроқаржы ұйымының өз құқығы. «Сіздер біздің микроқаржы ұйымнан осындай несие ала аласыз» дейді. Кредит алу немесе алмау әр азаматтың өз еркінде. Алғысы келсе, алады. «Олар жарнама ретінде жібереді, біз оларды қалай шектейміз, - деді агенттік өкілі.
Олжас Қизатов агенттіктің ондай құқығы жоқ екенін айтады.
- Кредит алуға оларды мәжбүрлемейді ғой. Жай ұсынысын жолдайды. Шарттарына келіссе алады, келіспесе алмайды. Жарнама берерде шектеуге біздің құқығымыз жоқ, – деді ол.
Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігінің Қостанай облысындағы департаменті тұрғындарға тиімсіз шартпен қарыз берген микроқаржы ұйымын тексеріп жатқаны хабарланған болатын.