Сонымен қатар микроқаржы ұйымдарынан несие рәсімдеген кезде неге назар аудару маңызды екендігіне қатысты ұсынымын берді.
- Назгүл Қарасқызы, микроқаржы омбудсманы болып сайланғанға дейін Қазақстанның Ұлттық коллекторлар палатасының төрағасы болдыңыз. Ендігі қызметіңіз клиенттердің құқығын қорғауға бағытталмақ. Коллекторлық істегі тәжірибеңізді ескере отырып, бұл бағытты қалай жолға қоймақ ойыңызда бар?
- Микроқаржы омбудсманы ретінде қарыз алушылардың да, несие берушілердің де мүдделерін ескеретін теңгерімді жүйе құру үшін Қазақстанның Ұлттық коллекторлар палатасындағы ғана емес, сонымен бірге қаржы секторындағы тәжірибеме сүйенетін боламын. Микроқаржы омбудсманы заң бойынша тараптардың теңдігі, бейтараптық және екі тараптың құқықтарын құрметтеу сияқты қағидаттарды басшылыққа алуы керек.
Сондай-ақ, Қазақстанның Ұлттық коллекторлар палатасы аясында Stop-Collector жобасы болды. Оған өзім жетекшілік жасаған едім. Осы жоба аясында екі жыл ішінде біз 30 мыңнан астам қарыз алушыға тегін қаржылық және заңгерлік кеңес бердік, оның ішінде 25 мыңнан астамы қолайлы несие кестесі мен төлемдерді алды. Ал 27 мыңға жуығына коллекторлармен арада туындаған жанжалдарды шешуге көмек көрсетілді. Микроқаржы ұйымдарының және микрокредит беру шарты бойынша құқық (талап) берілген басқа тұлғалардың шектен шықпауын, қарыз алушылардың өз құқықтарын қорғаудың анық әрі түсінікті тетіктеріне қол жеткізуін қамтамасыз етуге тырысамын.
- Қарыз алушылар кредиторлармен ортақ уағадаластыққа келе алмаса, онда сізге жүгінеді. Бұл процедура қалай болады? Дауларды, кейде займмен байланысты шешілмейтін жағдайларды реттеу үшін омбудсман ретінде арсеналыңызда қандай құралдар бар?
- Процесс мүмкіндігінше қарапайым және қолжетімді болады. Қарыз алушылар сайт арқылы жүгіне алады. Барлық дерегіңізді беріп, мәселенің мәнін түсіндіріп, жағдайды шешу үшін қарыз алушының микроқаржы ұйымына немесе коллекторлық агенттікке бұрын хабарласқанын растайтын құжатты қоса ұсынуыңыз қажет.
Осыдан кейін біз орын алған даулы жағдайды объективті түрде қарастырамыз және қарыз алушының қалыптасқан немесе ағымдағы жағдайын түсіндіруге көмектесеміз. Сондай-ақ бізде хабарласуға немесе мекен жайға келуге болатын байланыс орталықтары бар. Менің арсеналымдағы ең басты құрал – омбудсманның шешімі микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар үшін міндетті болуында. Былай түсіндірсе болар, шешімін таппайтын жайт болмайды. Тек қабылданбаған шешім бар.
- Сіз өтінім беруге болатын сайттың жұмыс істеп тұрғанын атап өткен едіңіз. Өтінімдер легі мол болады деп күтесіз бе? Микроқаржы омбудсманы жағдайды, оның ішінде қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығын жақсарту тұрғысынан өзгерте алады деп санайсыз ба?
- Иә, әсіресе жұмысымыздың басында өте көп болады деп күтеміз. Дегенмен, біз табысты шешім нақты шағымдарға жауап берумен шектелмейтінін түсінеміз. Қаржы институттарымен кейбір жұмыстарды жүргізіп қана қоймай, халықтың қаржылық сауаттылығы саласында білім беруді дамыту да маңызды.
Қарыз алушыларға олардың құқықтары, міндеттері түсіндірілетін және қауіпсіз қаржы өнімдері туралы айтып беретін call-орталық жұмысын ерекше атап өткім келеді. Бұл бірте-бірте қаржылық сауаттылықтың жоғарылауына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, жақында ғана, өткен айда Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жанынан құрылған Қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі сарапшылық кеңестің құрамына кірдім. Бірақ, бүкіл ел бойынша бір микроқаржы омбудсманы немесе бір институт үлкен өзгерістер әкеле алмайды. Дегенмен, менің ойымша, заңнамадағы өзгерістер мен несие беруге қойылатын қатаң талаптарды ескере отырып, айтарлықтай оң нәтиже күтуге болады.
- Егер тараптар – қарыp алушы мен қарыз беруші уағдаластыққа келе алмаса, онда қандай іс-қимыл алгоритмі қолданылады?
- Заңға сәйкес, микроқаржы омбудсманы тараптардың өзара қолайлы шешімге келуіне және тараптар келіскен шарттарды өзгерту туралы шешім қабылдауына ықпал етеді. Әрине, келісімге келу мүмкін болмаса, онда қарыз алушы қаржылық реттеушіге - Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағымдануға құқылы немесе ол сотқа жүгіне алады.
- Микроқаржы омбудсманы институтының шешімі микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер үшін міндетті болады. Сөз аталған қызмет түрлеріне лицензиясы барлар жайында ғана болып отыр ма? Микроқаржы ұйымы алаяқтық сызбаны қолданған жағдайда не істеу керек?
- Бізде қаржылық реттеуші бар. Барлық микроқаржы ұйымы лицензияланған. Микроқаржы ұйымының қандай да бір алаяқтық сызбаны пайдалануына жол бермеймін. Егер тек алаяқтардың өздері микрокредит немесе микроқаржы ұйымдары арқылы қарыз алушыларға заем рәсімдейтін болмаса.
Бірақ соңғы оқиғалар, атап айтқанда, қарыз жүктемесі коэффициентін қоса алғанда несие беруге қойылатын талаптардың қатаңдатылуын, Мемлекеттік несие бюросы мен Бірінші кредиттік бюроның есептер ұсынуын, мерзімдер мен биометриялық талаптарды азайтуын ескере отырып, мұндай алаяқтық сызбалар еселеп қысқарады деп ойлаймын. Дегенмен, қалай болғанда да алаяқтық сызба арқылы заемнің рәсімделуі жағдаймен бетпе-бет келіп жатсақ, онда әрине, реттеуші мен құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.
- Қазақстандықтар микроқаржы ұйымдарынан несие алмай тұрып ең алдымен неге, қандай өлшемшарттарға назар аударғаны жөн?
- Қазақстан азаматтарына бірінші кезекте эмоцияға қарап несие рәсімдемей, ең алдымен «қарыз алуға тұрарлық па, жоқ па?» деген сұрақ төңірегінде ойлануға бір күн уақыт бөлу керек деген кеңес беремін. Егер өмірлік жағдайға байланысты қысқа мерзімді несие алуға тура келсе, онда, әрине, соңғы құнына назар аудару қажет. Сізге қандай сома алатыныңызды алдын ала салыстыру және белгілі бір уақыттан қандай сома қайтару керетігін, оған шамаңыздың жетер-жетпесін білу маңызды.
Қайтару мерзімі мен шарттарына да назар аудару керек. Мәселен, мерзімінен бұрын өтеу үшін қандай да бір айыппұлдар немесе кешіктірілген жағдайда комиссия бола ма, соны жөн. Сондай-ақ, барлық мүмкін болатын қосымша шығындардың да нақты көрсетілуі маңызды. Тұтастай алғанда, микроқаржы ұйымының беделін және ол туралы пікірлерді бағалау қажет. Әрине, қарыз алушының өзінің қаржылық жағдайын тыңғылықты бағалауы, алған қарызын қайтара ала ма, жоқ па және өзін қарыз қақпанына тықпаламайтындығын білуі маңызды.
Өкілдер кеңесінің отырысының қорытындысы бойынша көпшілік дауыспен Назгүл Қарасқызы Естеусізова микроқаржы омбудсмені болып сайланғанын жазған болатынбыз.