Милад Карими әлем кубогы кезеңінде тағы бір алтын алды
22:35, 19 Сәуір 2025
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық Милад Карими Қатар астанасы Дохада спорттық гимнастикадан әлем кубогы кезеңінде екінші алтын медальға қол жеткізді.
Ұлттық олимпиада комитетінен мәлім еткеніндей, Милад Карими бұл жолы кермедегі жаттығуда алдына жан салмады.
Қазақстандық гимнаст төрешілер шешімімен 14.500 ұпай жинады. Тайбэйлік Чиа Хун Тан 14.400 ұпаймен екінші орыннан көрінсе, қытайлық Ци Тан (14.000) үздік үштікті түйіндеді.
Осылайша, Милад Дохадағы әлем кубогының кезеңін екі алтын медальмен аяқтады. Бұған дейін ол еркін жаттығулар бағдарламасының финалында жеңіске жеткен еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Милад Каримидің әлем кубогы кезеңінде үздік шыққанын жазған болатынбыз.