Милад Карими спорттық гимнастикадан әлем кубогы кезеңінің финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Спорттық гимнастикадан Доха (Қатар) қаласында өтіп жатқан әлем кубогының кезеңіндегі екінші іріктеу күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының спортшылары екі финалға жолдама алды.
Турнирдің шешуші кезеңіне қоссырықтағы жаттығулар бойынша Милад Карими бірінші орынмен өтті. Қазақстандық гимнаст іріктеу барысында төрешілердің шешімімен 14.000 ұпай жинады.
Сонымен қатар Алтынхан Темірбек те финалға жолдама алды. Ол тіреуішпен секіру жаттығуында 13.199 ұпай жинап, сегізінші орынмен финалға өтті.
Айта кету керек, Карими мен Темірбек еркін жаттығу бағдарламасының финалында да бақ сынайды.
Ал Нариман Құрбанов пен Зейнолла Ыдырысов қоссырықтағы жаттығуда жүлде үшін күреседі.
Финалдық кезең 18-19 сәуір аралығында өтеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Хорватияның Осиек қаласында спорттық гимнастикадан әлем кубогының кезеңінде қазақстандық Милад Карими жеңіс тұғырынан көрінген болатын.