Миллиард теңге, гастроблогерлер және Netflix: Алматы туристік имиджін қалай қалыптастырып жатыр

Фото: Коллаж : Kazinform / Freepik

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Биыл Алматы әкімдігі туризмді дамыту аясында инфлюенсерлер мен қоғамдағы ықпалды тұлғалармен жұмыс істеуге 60 млн теңге жұмсамақ. Ал туризмді дамытудың өзіне 1,2 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат қалай бөлінетінін, мегаполиске кімдер тартылатынын және танымал тұлғалардың әсері қандай болатынын редакция қалалық туризм басқармасы арқылы анықтауды жөн көрді.

Шетелден қанша блогер (инфлюенсер) келеді

Алматы қаласының туризм басқармасы халықаралық аренада қаланы ілгерілету стратегиясын қайта қарап, блогерлер мен инфлюенсерлерді тікелей шақыру тәжірибесінен толық бас тартқанын мәлімдеді. Мұндай шешім шетелдік медиа тұлғалардың Алматыға деген қызығушылығының артуымен түсіндіріліп отыр.

– 2025 жылы Туризм бюросы әлем бойынша ықпалды тұлғалармен белсенді жұмысын жалғастырады, өйткені бұл тәсілдің айтарлықтай нәтижесі бар. Биыл 20-дан астам елден 100 шетелдік инфлюенсер, журналист және медиа тұлғаларды қолдау жоспарланған. Негізгі назар гастрономиялық туризм мен өнерге аударылмақ. Бұл Алматыда екі ірі нысанның – Museum of Art пен заманауи мәдениет орталығы «Целинныйдың» ашылуымен байланысты. Аталған нысандар қаланың мәдени тартымдылығын арттырып, жаңа туристік орталықтарға айналатынына сенімдіміз, - деп атап өтті басқармадан.

Туристер Алматыда ұлттық және халықаралық асхананың әртүрлілігін жиі атап өтеді. Қала қонақтары арасында «неокөшпелі асхана» мен көне көшпенділердің рецепттері бойынша дайындалған тағамдарға қызығушылық артып келеді.

– Сондықтан біз гастрожурналистерге, фудблогерлерге және мәдениет саласының өкілдеріне басымдық береміз. Бұл арқылы Алматының гастрономиялық және мәдени байлығын халықаралық аренада көрсетуге мүмкіндік болады, - деп қосты ведомстводан.

Фото: freepik

Күтілетін нәтиже қандай

Инфлюенсерлердің жұмысының тиімділігі ең алдымен контенттің қамтылуына байланысты бағаланады — жарияланымдарды қарау саны, аудиторияның белсенділігі (лайк, пікір, репост) және материалмен жалпы өзара әрекеттесу деңгейі есепке алынады. 

– Блогерлер мен журналистер жасаған контент, ең алдымен, Алматының танымалдылығын арттыруға, қаланың жағымды имиджін қалыптастыруға және саяхатқа деген қызығушылықты арттыруға бағытталған. Бұл жұмыстың жиынтық тиімділігі 1,3 млрд теңгеге бағаланып отыр, - делінген жауапта.

Кампания әлеуметтік желілерде жоғары қамту мен белсенділік көрсеткіштерін көрсетті:

• Instagram: қамту — 11 миллионнан астам, белсенділік — 35 миллионнан астам;

• TikTok: қамту — 190 мыңнан астам, белсенділік — 127 мыңнан астам;

• YouTube: қамту — 596 мыңнан астам, белсенділік — 122 мыңнан астам.

Туризм басқармасы атап өткендей, блогерлермен сапалы жұмыс ұзақмерзімді әсер береді: қала туралы жарияланымдарды көрген адамдар бірнеше айдан немесе тіпті жылдан кейін біздің қалаға келуге шешім қабылдайды. 

– Бұл Алматыны тұрақты туристік бренд ретінде халықаралық деңгейде ілгерілету үшін аса маңызды. Жасалған контенттің жиынтық қамтуы шамамен 160 млн қаралым болады деп күтіліп отыр. Ол бағыттың танымалдылығын арттырып, өңірдің имиджін халықаралық деңгейде нығайтады, - деді ведомстводан.

2024 жылы Алматыға 42 елден 176 блогер, журналист және қоғам көшбасшылары келді. Олардың қатарында Испания, Сербия, Канада, Қытай, Италия, Аустрия, АҚШ, Аргентина, Малайзия және Ұлыбритания өкілдері бар. Жасалған контент 140 миллион қолданушыны қамтып, 38,1 миллион қаралым мен 895 мың лайк жинады.

Бағдарлама қатысушылары:

• блогерлер — 54 адам (31%);

• журналистер — 58 адам (33%);

• түсірілім топтары — 42 (24%);

• фотографтар — 2 адам (2%);

• медиа тұлғалар — 20 адам (10%).

Туризм бюросы ең сәтті мысалдардың бірі ретінде жапондық блогер Юджи Белезаны атап өтті – ол Алматы туралы 9 бейнеролик жариялап, жалпы 200 мыңнан 28 миллионға дейін қаралым жинаған.

Жоғары нәтижелерге АҚШ-тың Amazon Prime түсірілім тобы да қол жеткізді — қала туралы контент 29,6 миллион қаралым жинады. Сонымен қатар Netflix түсірілім тобының жобаға қатысуын ерекше атап өтуге болады. Жарияланымдар әлі шықпағанымен, әлемдегі ең ірі стримингтік сервиспен ынтымақтастықтың өзі Алматының туристік бағыт ретінде халықаралық деңгейде мойындағанын көрсетеді.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Блогерлердің (инфлюенсерлердің) баратын туристік локациялары

Алматыны ілгерілету мақсатында туризм басқармасының мәліметінше, әрбір келушінің қызығушылықтарына бейімделген түрлі туристік орындар ұсынылады. Егер бұл алғашқы сапар болса, онда маршрут міндетті түрде баратын орындарды қамтиды — мысалы, Көктөбе, Медеу, Үлкен Алматы көлі.

– Егер нақты сұраныс болса, мысалы, гастрономиялық, урбанистік немесе мәдени бағыттағы – маршрут сол тақырыпқа сай құрастырылады: бұл «Көк базар», тарихи ғимараттары бар Алмалы ауданы, арт-кеңістіктер сияқты орындар болуы мүмкін. Бұл ретте алаңның ерекшелігін ескеру маңызды: блогерлер үшін басты фактор — визуалды контент: панорамалық көріністер, атмосферасы ерекше орындар, сәулет және жарқын оқиғалар. Ал журналистер көбіне мазмұны мен тарихына мән береді, сондықтан олар үшін тарихи және мәдени маңызы бар нысандар таңдалады, - деп нақтылады ведомство өкілдері.

Mastercard деректері бойынша, мәдени-танымдық туризмге қызығушылық артып келеді. Бұл өз кезегінде мұражайлар, театрлар, этноауылдар мен тарихи нысандарға келушілердің санының өсуіне әсер етеді. «Целинный» заманауи мәдениет орталығы мен Almaty Museum of Arts-тың ашылуы жаңа туристерді тартуға және мәдени алмасулардың дамуына ықпал етпек.

Фото: freepik

Блогерлерге қойылатын талаптар мен іріктеу критерийлері

Блогерлерді іріктеу критерийлері алаңның форматына байланысты анықталады. Медиа ресурстар үшін маңызды факторлар — басылымның деңгейі, оның аудиториясы және беделі. Ал блогерлерге келер болсақ, негізгі назар жазылушылар санына емес, аудиторияны қамту деңгейіне (охват) аударылады. Биыл гастрономиялық туризмге ерекше көңіл бөлініп отырғандықтан, блогерлердің бағыты food, lifestyle, art & culture (тамақ, өмір салты, өнер мен мәдениет) тақырыптарын қамтуы қажет.

Журналистерге қойылатын талаптар локация мен олардың мамандануына байланысты. Алдымен Италиядан, сондай-ақ Еуропа елдерінен – Ұлыбритания, Испания, Франция, Нидерланд, Германия, Греция, Польша және Скандинавия елдерінен келген журналистерге басымдық беріледі. Сонымен қатар маңызды аймақтар қатарында Таяу Шығыс елдері, Оңтүстік Корея, Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері, АҚШ пен Канада, сондай-ақ Еуропа мен Таяу Шығыста тұратын украиналықтар да бар.

– Бағыттар бойынша басымдық тревел (саяхат), гастрономия, өнер және лайфстайл тақырыптарына беріледі. Медиа брендтер арасында Condé Nast Traveller сияқты басылымдарға ерекше назар аударылады. Онымен қоса Vogue, Esquire, GQ. Бұған қоса, Lonely Planet, Perito Burito және ұшақтағы борттық журналдар сияқты тревел-гидтер де басым бағытта, - деп атап өтті туризм басқармасы.

2024 жылғы жоба аясында Алматы ірі халықаралық басылымдарда ұсынылды. Олардың қатарында — Италиядан келген журналистер дайындаған salepepe.it, viaggi.corriere.it және periodistadigital.com басылымдарындағы мақалалар, Condé Nast Traveller журналындағы материал бар. Бұл материал бірден үш нұсқада — британиялық, италиялық және үнді басылымдарында жарияланды. Бұдан бөлек, Алматы Грузияның «Қызыл және Қара» шоуының, Оңтүстік Кореяның KBS телеарнасының және басқа да халықаралық жобалардың түсірілім алаңына айналды.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

1,2 млрд теңге қалай бөлінеді

Туризм басқармасының хабарлауынша, биыл инфлюенсерлер мен қоғам белсенділерінің өзара іс-қимыл бағытындағы жұмыстарға бөлінген бюджет 60 млн теңге (ҚҚС-сыз көрсетілген сома). Бұл қаражат жергілікті блогерлер мен журналистерге арналған пресс-турларды ұйымдастыруға, шетелдік қоғам көшбасшыларын – блогерлерді, журналистерді және түсірілім топтарын қарсы алып, орналастыруға көзделген.

– Бюджет блогерлерге гонорар төлеуден және халықаралық басылымдарда материалдар жариялауға кететін шығындардан бас тарту есебінен оңтайландырылды. Оның орнына қаражат инфлюенсерлерге арналған жерүсті қызметтерді ұйымдастыруға — тұру, тамақтану, трансфер және экскурсиялық қызметтерге теңдей бөлінеді. Бұл қосымша шығынсыз бағдарламаны тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Шетелдік инфлюенсерлермен қатар, Қазақстанның ішкі нарығында Алматыны ілгерілету мақсатында жергілікті инфлюенсерлерге арналған бірқатар тур ұйымдастырылады, - деп түсіндірді ведомстводан.

Сонымен қатар бұл сома аясында тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыстарды нығайтуға және Алматының туристік әлеуетін бірлесіп ілгерілетуге бағытталған Sharing Hub форматындағы нетворкинг іс-шараларын өткізу жоспарланған. 2025 жылы жалпы 20-дан астам елден келген 100 шетелдік инфлюенсер, журналист және медиа тұлғаны қолдау жоспарланып отыр. Визиттер нәтижесінде жасалған контенттің күтілетін жиынтық қаралымы – шамамен 160 млн. 

– Бөлінген бюджет тек Алматы қаласын халықаралық туристік нарықта ілгерілетуге бағытталған. Басты мақсат — қаланың туристік тартымды бағыт ретіндегі оң имиджін қалыптастыру. Бұл туристер ағынының өсуіне, инвестициялардың артуына және қаланың экономикалық позициясының нығаюына ықпал етеді, - делінген жауапта.

Фото: freepik

Салық түсімдері

Басқарма өкілдерінің айтуынша, қазір оң динамика байқалады: 2024 жылы көрсетілген қызмет көлемі 30%-ға артып, 96,3 млрд теңге болды. Салық түсімдері 1,9 есеге өсіп, 90,7 млрд теңгеге жетті.

Алматының имиджі

Қаланың туристік әлеуетін арттыру және туристер санын көбейту мақсатында инфрақұрылымды дамыту, халықаралық нарықта қаланы ілгерілету және заманауи маркетингтік шешімдерді қолдануды біріктіретін кешенді тәсіл жүзеге асырылады.

Қазір 5 679 нөмірге арналған 40 қонақүй жобасы қарастырылып жатыр. Оның ішінде:

• 1 357 нөмірге арналған 11 нысанның құрылысы жүріп жатыр;

• 4 340 нөмірге арналған 29 нысан жобалау кезеңінде.

Құрылысы аяқталатын нысандар:

• 2025 жылы – 9 қонақүй (1 037 нөмір);

• 2026 жылы – 16 қонақүй (2 447 нөмір);

• 2027 жылы – 15 қонақүй (2 195 нөмір).

– Барлық жобаны 2027 жылға дейін жүзеге асыру жоспарда тұр. Бұл мегаполистегі нөмірлік қорды арттырып, туристердің жайлы демалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деп атап өтті туризм басқармасы.

2025 жылы Алматының жаһандық туристік нарықтағы позициясын нығайту мақсатында 9 халықаралық туристік және 4 халықаралық MICE көрмеге қатысу жоспарланып отыр.

Фото: freepik

2025 жылы Алматыға қанша турист келеді 

Алматы туризм басқармасы 2024 жылы қала жалпы туристер саны бойынша жаңа рекорд орнатып, бұл көрсеткішті 14,8%-ға арттырып, 2 340 300 адамды қабылдағанын хабарлады.

Биыл мегаполис 2,5 миллионнан астам турист тартуды жоспарлап отыр. Ведомствоның болжамы бойынша Қытай, Үндістан, АҚШ, Катар, Малайзия, БАӘ және Сауд Арабиясынан келетін туристер саны артады. 

Осыған дейін Алматыға рейс брондайтын туристер саны 1,5 есе өскені туралы жазған едік.