Миллиардер Уоррен Баффетпен бірге түскі ас ішу құқы 2,6 млн долларға сатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-та жылсайынғы қайырымдылық аукционында америкалық миллиардер Уоррен Баффетпен бірге түскі ас ішу құқы 2,6 миллион доллардан астам сомаға сатылды. Бәссауда жеңімпазының кім екендігі белгісіз, деп хабарлайды Associated Press .

Миллиардердің өзі өткізетін аукцион осымен 18 рет ұйымдастырылды. Әдетте, бәссауда жеңімпазы Баффетпен бірге түскі ас ішу мүмкіндігіне ие болады және оған өзін қызықтырған кез келген сауалын қоя алады. Ал жиналған қаржыны миллиардер Сан-Францискодағы үйсіз- күйсіз жүрген жандарды қолдаумен айналысатын  Glide Foundation қорына аударады.

Өткен бәссаудалардан 24 миллион доллардан астам қаржы түскен болатын. Ал 2016 жылы рекордтық сома - 3,45 доллар жиналды. Одан бір жыл бұрын қытайлық Dalian Zeus Entertainment компаниясы Баффетпен түскі ас ішуге  2,34 миллион доллар төлеген еді.

Еске сала кетсек, Уоррен Баффетт - америкалық кәсіпкер және инвестор. 2017 жылғы мәліметтерге қарағанда, ол Forbes журналының  миллиардерлердің жаһандық рейтингінде екінші орын алған, оның байлығы 76,9 миллиард долларға бағаланып отыр.