Миллиардтаған қарызы бар Орал жылу-электр орталығы газдан ажыратылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Оралда жылу маусымы басталар тұста «Жайықжылуқуат» АҚ-ы газдан ажыратылды. Арада бір күн өткенде жергілікті әкімдік бюджеттен қаржы бөлу туралы шешім шығарды.

Фото: Астана әкімдігі

Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында кезекті жылу беру маусымына дайындық жүрді. «Жайықжылуқуат» АҚ-ы 13-қыркүйектен бастап негізгі жабдықтарды жоспарлы түрде тоқтатып, жөндеу, профилактикалық және диагностикалық жұмыстарды атқарды, сондай-ақ жабдықтарды сынақтан өткізді. Қайта іске қосу 21-қыркүйекке жоспарланған болатын.

- 16-қыркүйекте жылуөэлектр орталығындағы барлық қажетті жұмыс аяқталды. Кәсіпорынды қайта іске қосуға дайындық кезінде табиғи газ жеткізуші алдындағы берешегін өтеу мәселесі туындады. Бүгінгі күндегі жағдай бойынша «Жайықтжылуқуат» АҚ-ның «QAZAQGAZ Aimaq» АҚ алдындағы табиғи газ бойынша берешегі 3,542 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 1 млрд теңгені жергілікті бюджет қаражаты есебінен өтеу жоспарланып отыр. Қалған берешек сомасы бойынша кезең-кезеңімен өтеу кестесі әзірленеді. 17- қыркүйек сағат 09:00-дегі жағдай бойынша Орал ЖЭО-на табиғи газ беру қайта басталды. Қазіргі уақытта жабдықтарды іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Бүгін сағат 17:00-ге дейін тұтынушылар ыстық сумен қамтамасыз етіледі,- деп хабарлады Орал қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

БҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының хабарлауынша, «Жайықжылуқуат» АҚ-ның «QAZAQGAZ Aimaq» АҚ алдындағы 1 млрд теңге қарызы ертеңге дейін өтеледі. Қаржы жергілікті бюджеттен аударылады.

«QazaqGaz Aimaq» АҚ-ы бүгін газ беру қайта қалпына келтірілгенін, ал қарызды өтеу сұрағы бойынша келіссөз жүріп жатқанын хабарлады.

Айта кетейік, елімізде жылу беру маусымы басталды. Соның ішінде Павлодар қаласының әлеуметтік нысандарына жылу берілді.