Миллиардтар неге игерілмей қалып жатыр? - Апталық шолу
Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, 2014 жылдың бюджетінен 39,9 млрд теңге игерілмей қалды. Әрине, бұның бәрінің игерілмеуінде объеективті себебі баршылық. Мәселен, соның ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметі резервінің жұмсалынбай қалған қаражаты 7,9 млрд. теңгені құрайды. «Осыны есепке алсақ, игерілмеу сомасы 32 млрд. теңгені немесе жүргізілген шығыстардың жалпы көлемінен 0,5 пайызды құрады. Оның ішінде 17,6 млрд. теңгенің қаржыландыруы уақытша тоқтатылды (Инвестициялар және даму министрлігі - 10, Ұлттық экономика министрлігі- 3, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі - 3 млрд. теңге). Мұндай атқармау әкімшілерге байланысты емес. 4,6 млрд.теңге мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің және бюджеттік рәсімдердің уақтылы өткізілмеуі себебінен игерілмеді», - дейді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов. Оның айтуынша, игерілмеген 32,0 млрд теңгенің 1,2 млрд. теңгесі жалғасатын бағдарламалар ретінде ағымдағы жылы түгел пайдаланылатын болады. Сонымен қатар, бюджетті атқармаудың ең үлкен сомалары мынадай министрліктерге тиесілі: Инвестициялар және даму министрлігі - 13,5 млрд. теңге; Ұлттық экономика - 5,6 млрд. теңге; Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму - 3,3 млрд. теңге; Ішкі істер - 3,1 млрд. теңге; Қаржы министрлігі 1,4 млрд. теңге.
Бұдан бөлек, квазимемлекеттік секторда да біршама қаражат пайдаланылмай қалған көрінеді. Мұны Қаржы министрі де мойындап, бюджеттің осал тұсы ретінде соны да айтып қалды.
«Былтырғы бюджетті атқарудың осал тұстары да болды. Әрине, бұлардың барлығын кемшілік деуге келмейді, бірақ олардың барлығы жетілдіруді талап ететін бағыттар. Бұл секвестрмен, салықтық базаны дамытумен, кедендік әкімшілендірумен байланысты мәселелер болып отыр. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражатын, шығыстардың атқарылу сомасын, кредиттердің қайтарылуын және жалпы шығыстардың атқарылу нәтижелілігін төмендететін басқа да қаражатты бақылау жөніндегі мәселелер де орын алған болатын», - деді Б. Сұлтанов. Оның айтуынша, бюджеттегі олқылықтарға негізінен сыртқы жағымсыз құбылыстар әсер етіп, жылдың соңына таман кірістердің айқынсыздығын қалыптастырған. Дегенмен, министр салық түсімі былтырғы жыл соңына қарай 2013 жылмен салыстырғанда артық орындалып, атқарылмау үлесі де соншалықты өспегенін алға тартады.
«Сосын квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі қаражат қалдықтары өсіп кетті. Бақылауда ұстау мақсатында ондай қаражат бұрынғыдай банктерге емес, қазынашылыққа аударылады. 2014 жылдың соңына таман ондай сома 6 есеге артып, 345 млрд. теңгені құрады. Яғни, бір жағынан біз квазимемлекеттік сектор қаражатын бақылауда ұстасақ, екінші жағынан ол қаражат қозғалыссыз жатып, экономикалық айналымға түспей қалды. Сондықтан да, біз алдағы уақытта квазимемлекеттік сектор қаражатын қазынашылыққа аударатын шоғырландыру тәжірибесінен бас тартатын шығармыз», - деді Б. Сұлтанов. Бұл ретте министр әлгіндей шығыстардың нәтижесіз болғанын, жоспарлаған түпкі нәтижеге жеткізбегенін атап өтті.
Айта кетерлігі, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті тұтастай алғанда, бюджеттік тәртіптің жақсарып келе жатқанын алға тартады. Дегенмен, кемшіліктер әлі де жүйелі түрде орын алып отыр. Мәселен, 2 мемлекеттік және 15 салалық бағдарламаларды жүзеге асыру барысында 127,7 миллиард теңге сомасындағы бұзушылықтар анықталған. Бұзушылықтар ішінде қалпына келтіруге жататын 102,6 миллиард теңгенің 91,4 миллиарды немесе 89 пайызы өтелген. Процестік шаралар қабылдау үшін 22 материал құқық қорғау органдарына жіберіліпті. Осы бағытта былтыр 221 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, 41 лауазымды тұлға әкімшілік жазаға тартылған.
Тұтастай алғанда, былтырғы жылы барлық сыртқы үрдістерге қарамастан бюджет теңестірілген. Оның түсімі 6,0 трлн. теңгені, шығыстары - 7,1 трлн. теңгені және тапшылықты қаржыландыру - 1 081 млрд. теңгені құрап отыр. Сонымен қатар, бюджетті орындаудың жақсы жақтарына тоқталған министр Бақыт Сұлтанов, мемлекеттік сатып алуды жеделдету шаралары болғанын атап өтеді. Оның айтуынша, бюджет қаражатының игерілмей қалуының бір себебі - мемлекеттік сатып алулардың уақтылы өткізілмеуі болатын.
«Былтыр осы бағыттағы заңнаманың жетілдірілген нормалары қолданысқа енді. Соған орай, 2014 жылы бюджет әкімшілері сатып алуларды жаңа форматта жүзеге асырды. Көптеген олқылықтар жойылып, мемлекеттік сатып алу комитеті құрылды. Нәтижесінде мемлекеттік сатып алулардың басым бөлігі жыл соңына дейін жалғаспай, алғашқы жартыжылдықта-ақ орындалды. Бұдан бөлек, сатып алуларға қатысатындар саны күрт артты. Бұл бәсекелестікті тудырып, бюджет қаражатының үнемделуіне септігін тигізді. Шартты үнемдеу сомасы 49,2 млрд теңгені құрап отыр», - деді Б. Сұлтанов.
Түлектер ҰБТ-ны бірнеше мәрте тапсыра ала ма?
Осы аптада Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеу мәселелері туралы сөз болды. Түлектер үшін нағыз сын сағаттың жақындап қалғанын осының өзінен аңғаруға болар. Сонымен биылғы ҰБТ-ның айырмашылығы неде? Жетілдіруден жалықпайтын білім саласында ҰБТ-ға қатысты не жаңалық күтіп тұр?
Айта кетейік, Ұлттық бірыңғай тестілеу биыл 2-15 маусым аралығында өткізіледі. Оны өткізу қағидаларына бірқатар өзгеріс енгізілген. Мұнан бөлек, 2015 жылдан бастап кәмелеттік аттестатқа ҰБТ мен пән бойынша жылдық бағаның қорытындысының орташа арифметикалық сомасындағы құрамдық баға қойылады. Дау тудыратын жағдайда бағаны дөңгелектеу бағаны көтеру жағына жасалады. Ал түлектер үшін ҰБТ-ны тапсыру форматы еш өзгермейді. Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев жергілікті атқарушы билікке өңірлердегі ұлттық бірыңғай тест тапсыру пункттерін кеңейту туралы тапсырма берген болатын. Бүгінгі күнге дейін ұлттық бірыңғай тест тапсыратын 155 пункт болса, ағымдағы жылы еліміздің түрлі облыстарында, аудандарында жергілікті қаржы есебінен қосымша он ҰБТ тапсыру орталығы ашылады. Бұл пункттер негізінен еліміздің ең шалғай елді мекендерінде жасақталады. Яғни, мектеп бітіруші оқушылар енді ҰБТ тапсыру үшін сабылып 300-500 шақырым жол жүрмейді.
Тоқтала кететін жайт, биыл ұлттық бірыңғай тестіні 79 мыңнан астам оқушы тапсырады екен. «Жылда ҰБТ тапсыру-тапсырмау баланың және ата-анасының құқығы. Яғни, ең біріншіден, бұл мәселені оқушының өзі шешеді. Екіншіден, биыл 25 сәуірге дейін тест тапсыратын әрбір оқушы ҰБТ пункттерінде тіркелген. Биыл 124 346 бала мектеп бітіреді. Соның ішінде 84248-і қазақ мектебін, 40062-сі орыс мектебін аяқтайды. Оның ішінен ҰБТ-ны 79 мыңға жуық бала тапсырады»,- деді Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Саят Нүсіпов.
Комитет төрағасының айтқан жаңалығының бастысы - алдағы уақытта
мектеп түлектері ұлттық бірыңғай тестілеуді бірнеше мәрте тапсыруы мүмкін. «Болашақта біз оқушыларға ҰБТ-ны бір емес, бірнеше рет тапсыруға мүмкіндік беруді жоспарлап отырмыз», - деді С.Нүсіпов БАҚ өкілдерінің сауалына орай. Оның атап өтуінше, тесті бірнеше мәрте тапсыру әлемнің көптеген елдерінің тәжірибесінде бар. Сондықтан да еліміздің Білім және ғылым министрлігі ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, болашақта осы тәжірибені Қазақстанда да енгізуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар комитет төрағасы оқушылардың ҰБТ тапсыру пуктіне кірген кезде тексеруден өтуіне қатысты өз пікірімен де бөлісті. «Оқушылар ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырған кезде тексерістен өтеді. Ол рас. Өйткені, заңға сәйкес тест өткізу ережесі бойынша ешкім ешқандай техникалық құрал-жабдықты ұлттық бірыңғай тест тапсыруда пайдаланбауы тиіс. Сондықтан, ата-аналарға, мұғалімдерге, оқушыларымызға айтарымыз, ешқандай байланыс құралын пайдалануға болмайды. Жылдан жылға біздің ҰБТ тапсыратын пункттерімізде техникалық құралдар көбейіп жатыр. Сондықтан, біз оқушыларды тінту мақсатын көздемейміз», - деді ол.
Тағы бір тың жаңалық - биылғы жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелерін жариялау кезінде түлектердің аты-жөні көрсетілмейді, тек жеке сәйкестендірілген нөмірі арқылы ғана жарияланады. «Биылғы жылы өзгерістер енгізіліп, мектеп бітіруші түлектердің аты-жөндері мен олардың тест нәтижелері бұрынғыдай ілінбейді. Олар жеке сәйкестендірілген нөмірлермен алмастырылады, сондай-ақ тест тапсырушының жеке сәйкестендірілген нөмірлері пайдаланылады және олар тест тапсырардың алдында беріледі», - деді Саят Нүсіпов. Комитет төрағасының сөзінше, бүкіл әлемде тест тапсырмаларының нәтижелері жеке адамға ғана тиесілі болады да құпия сақталады. «Бұл түлектердің де, ата-аналардың да, ұстаздардың да талап-тілектері, өйткені тест нәтижелерін ілу көпшілік арасында үлкен дүрбелең тудырады. Біреу оқып, білім алады, екіншісі оның жанында отырып, түк бітірмеген болып көрінгенімен тестіні жақсы тапсырып, жақсы ұпай жинаған болып тұрады. Бұл оқушылар арасында үлкен қобалжу тудырады», - деді комитет төрағасы.
Айта кетерлігі, ҰБТ туралы мәліметтер тек Ұлттық тестілеу орталығының сайтында және емтихан тапсыру басталғаннан кейін сағат 15.00-де ғана қолжетімді болады.