Миллиондаған қаржы бөлінген мектеп-интернаттың жөндеу жұмыстары неге тоқтап тұр

Фото: 2gis

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы қаласында орналасқан Ибраш Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернат жатақханасының жөндеу жұмыстары бірнеше жылға созылып кетті. Оның нақты себебін Кazinform тілшісі анықтап көрді. 

Алып шаһардың орталығында орналасқан И. Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернат Алматы облысының білім басқармасына қарайды.

Ведомстводан мәлім еткендей, 2022 жылы басталған қайта жөндеу жұмыстары жауапсыз мердігердің кесірінен тоқтап қалған.

— Ибраш Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернаттың жатын корпусының күрделі жөндеу жұмысы мерзімінің созылып кетуіне мердігер «Градстройсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өз міндеттерін уақтылы орындамауы себеп болып отырн. Осыған байланысты сот процестері әлі болып жатыр, — делінген агенттіктің ресми сауалына берген ведомство жауабында. 

Басқармадан атап өткендей, жатақхананың күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 572,6 млн теңге бөлінген.

Мердігерге аванс ретінде 150 млн теңге және атқарылған жұмыс үшін 87,8 млн теңге төленді. 

«Градстрой сервис» компаниясы соттың қаулысымен мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушы деп танылды.

Фото: 2gis

— Бұдан бөлек, Қарасай аудандық білім бөлімі мердігердің 113 млн теңгені бюджетке қайтарып беруі туралы сотқа шағым түсірді. Алайда сот арызды қарастырып, қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарды, — делінген жауапта.

Осыған байланысты Қарасай аудандық білім бөлімі облыстық прокуратураға, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне шағым жолдады. 

— Аталған мекемелер тек сот шешіміне жүгіну қажеттігі туралы жауап жолдады, — дейді басқарма өкілдері.

Фото: 2gis

Айта кетейік, қазір интернатта 174 бала оқиды. Мектептің жобалық қуаты 320 орынға арналған.

— Жатын корпусы жеке тұрған ғимарат, онда қауіпсіздік шарасы қарастырылған. Жөндеу жұмыстары кезінде оқушылар оқу корпусының екінші қабатына орналастырылды, — деп атап өтті ведомстводан.

Мектеп-интернаттың оқу корпусына күрделі жөндеу жұмыстары 2011 жылы жасалды.

Бұған дейін Алматы облысының № 1 балалар үйі Алматыдан Қонаев қаласына көшірілетінін жазғанбыз.

Кейін Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева балалар үйі тәрбиеленушілерінің көшуіне пікір білдірген еді.