«Миллионер» шал Путинаға үйленгісі келеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Тиын миллионері» атауымен әйгілі болған Новосібір қаласының зейнеткері Ресей президентінің бұрынғы зайыбы Людмила Путинаға үйленбекші. Ол бұл туралы екі ай бұрын ойланғанын айтады, деп жазады Дни.ру.

«Мен 2008 жылдан бастап бойдақпын. Людмила Александровна Путинаға үйлену туралы ұсынысымды білдіргім келеді. Бұл жайында екі ай бұрын ойланғанмын. Алайда кеше, Владимир Владимирович осы мәселені есіме салды. Менің арманым орындалады деген үмітім бар», - дейді Бабин.

Тілшінің «ұсынысыңызды қалай білдірмексіз?» деген сұрағына, ол Путина оның ниеті туралы БАҚ-тан білетін болады деп жауап берді.

Юрий Бабин ресейліктерге «тиын миллионері» деген атпен танымал болған. Себебі, ол 2012 жылы желтоқсанда жинаған бір тиындық монеталар коллекциясын сатуға қойды. Салмағы 7,5 тонна болатын бес миллион тиынды ол 19,9 миллион рубльге бағалаған. Бұған қоса, 2013 жылы Бабин сот арқылы өз тегін «Ресейдің-Ұлы-Президенті-Бабин» деп ресми түрде ауыстырмақшы болды, алайда АҚАЖ органдары мен Орталық аудандық сот ауыстырудан бас тартты. Зейнеткер ағымдағы жылғы наурызда олардың шешіміне Ресейдің Жоғарғы сотына шағымданатынын айтқан.