Миллионға жетіп қалды: Павлодарлықтар киік санын реттеу шараларын енгізу қажет деп отыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Жергілікті жауапты органдар бұл ұсынысты ҚР Экология министрлігіне жолдаған. Мамандар киік саны миллионға жетсе, оларды бақылау қиынға соғатынын ескертті.

Фото: БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

Павлодар облысы жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және табиғи ресурстар басқармасының мәліметінше, 2023 жылы өңірде 25 мыңға жуық ақбөкен болған. Былтырғы есепте олардың саны 100 мыңға жеткен. Есепке алу жұмыстары әр көктемде жүргізіледі. Ал 2026 жылдың қорытындысы бойынша киіктердің қаншаға көбейгенін тек болжау ғана қалады. Себебі популяциясы өте жылдам өсіп келе жатыр.

- Жабайы жануарлардың саны күрт өсуде. Егер реттеуді дәл қазір бастамасақ, кейін жағдайды бақылау қиынға соғады. Біз Экология министрлігіне Батыс Қазақстан облысындағыдай Павлодар өңірінде де реттеу шараларын енгізу туралы ұсыныстар жолдадық. Реттеу барысында киіктерді тауарлы өнім, соның ішінде консервілер шығару үшін пайдалану ұсынылады. Бұл жерде барлығы өзара байланысты, бір мәселенің шешілуі екінші жағдайға оң әсер етеді. Егер олардың саны миллионға жетсе, жағдайды бақылау өте қиын болады, — дейді Павлодар облысы жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және табиғи ресурстар басқармасының басшысы Сағын Төлеутаев.

Көбейіп кеткен киік табындары бүгінде фермерлік алқаптарға зиян келтіріп жатыр. Май мен Баянауыл аудандарының, сондай-ақ Ақсу мен Екібастұз ауылдық аймақтарының шаруалары киіктердің жайылымдар мен шабындықтарды таптап кететініне жиі шағымданады.

Бұған дейін Павлодар фермерлері киік өлекселерінен ауру тарап, үй жануарларына жұға ма деп қауіптеніп отырғаны туралы жазған едік.