MIND зерттеулері тізбектелген ұрлықтан 405 миллион залал келгенін көрсеткен

АСТАНА. KAZINFORM — Maqsut Narikbayev University жанындағы MIND ғылыми-зерттеу орталығы Астана мен Алматы қалаларында «Виктимизацияның тез қайталану теориясының» қолданылуы туралы зерттеуді ұсынады. (анықтама үшін, виктимизация — ол жеке адам немесе адамдар тобының қылмыстық әрекеттердің құрбаны болатын процесс.)

Фотоколлаж Polisia.kz

Бүгінгі таңда Астана мен Алматы қалаларында болатын виктимизация мәселесі жаңа шешімдер мен тәсілдерді іздеуді талап етеді. Зерттеушілер ұрлық сияқты қылмыстардың кейбір түрлері қысқа уақыт ішінде көрші аудандарда тізбектеліп жүретінін байқады. Бұл зерттеу болашақ қылмыстардың ықтимал орындары мен уақыттарын болжауға мүмкіндік береді, аталған тәсіл полиция ресурстарын бөлуге және бейнебақылау жүйелерін мақсатты түрде орнатуға ықпал етуі мүмкін.

Авторлар ұрлық пен басқа қылмыстардың қай жерде және қашан болатынын анықтау үшін Нокс тәсілі мен «жылдам қайталау тізбегін» талдауды пайдаланады. Бұл тәсіл бір аймақтағы қайталанатын қылмыстардың жиілігі мен жағдайларын бағалауға мүмкіндік береді. Талдау нәтижелері «Виктимизацияның тез қайталануының» әсері, әсіресе, 100 метрлік аймақ ішінде және алдыңғы жағдайлардан кейін бір апта ішінде болған ұрлық жағдайларында байқалатынын көрсетеді. Талдау барысында Алматыда 3023 қылмыс тіркелді, ал сол радиустағы тізбекте 3788, Астана қаласында тиісінше 2289 қылмыс жасалса, оның 2855-і соған жақын жерде болған.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне сүйене отырып, зерттеушілер Астана мен Алматы сияқты мегаполистер қылмысқа қарсы күресте қиындықтарға тап болатындығын анықтады. Осылайша, қылмыс болған жерде қылмыстың қайталану ықтималдығы жоғары екендігі анықталды.

Мысалы, сауда орталықтары, базарлар мен жеке дүкендер бірінен соң бірі ұрлық серияларының нысандарына айналған. Зерттеушілер 2023 жылы Астана қаласындағы барлық ұрлықтың 14%-ы бір күн ішінде басқа ұрлық жасалған жерден 5 метр радиуста болғаны белгілі болды.

Уақыт пен орын бойынша ұқсас қылмыстар маңында ұрлықтан болған материалдық залалды ескерсек, 2023 жылы Астана мен Алматы үшін жалпы шығын 405 миллион теңгені құраған.

Зерттеу қорытындысы заңнаманы жетілдірудің маңыздылығын, мамандарды оқытуды және полиция ресурстарын тиімді бөлуді, пайдалануды көрсетеді. Қылмыстың алдын алу үшін қылмысты болжау алгоритмі, яғни, PredPol сияқты инновациялық тәсілдерді қолдану арқылы жұртшылықтың назарын аударуға болады. Бұдан шыққан нәтиже полиция күштеріне қылмыстың алдын алу шараларын әзірлеу кезінде, сондай-ақ қылмыстық жағдайды және оның Астана мен Алматыдағы динамикасын жалпы түсіну үшін пайдалы болуы мүмкін.