Мыңдаған атлет дайындап, ел чемпионатына бір спортшы жібермеген өңірлер бар – Келбет Нұрғазина

Фото: Жеңіл атлетика федерациясы

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы облысында орналасқан Олимпиадаға даярлау орталығында халықаралық Ғұсман Қосанов атындағы жарыс өтеді. Оның алдында ҚР Жеңіл атлетика федерациясы баспасөз мәслихатын өткізді.

Жеңіл атлетика федерациясының бас хатшысы Келбет Нұрғазинаның айтуынша, жеңіл атлетика – еліміздегі негізгі бұқаралық спорт түрлерінің бірі. Дегенмен, кәсіби деңгейде кей өңірлер әлі де кенже қалып отыр.

– Қазір республика бойынша 7,8 мыңнан астам секцияда 340 мыңдай бала шұғылданады. Өңірлерді алатын болсақ, ТОП-3 ішінде Қарағанды облысы, Шығыс Қазақстан облысы және Алматы қаласы бар. Сосын Шымкент, Солтүстік Қазақстан облыстарында жақсы дамыған. Шамалы ақсап келген өңірлеріміз де бар. Атап айтар болсақ,  Батыс Қазақстан облысында адам аздау, ал Ақтөбеден ел чемпионатына мүлдем қатыспаған спортшылар да бар. Атыраудың статистикасын қарасақ, онда 12 мыңнан астам спортшы және 95 жаттықтырушы бар. Алайда чемпионатқа бірде-бір спортшы келмеген. Бұл нені білдіреді деп айтсаңыз, кейбір өңірлерде жеңіл атлетиканың жағдайы мәз емес. Ендігі кезекте федерация осыған көңіл бөлмек, - деді ол.

Фото: Жеңіл атлетика федерациясы

Сондай-ақ федерациясының бас хатшысы жеңіл атлетика бойынша әлемдік стандарттарға сәйкес келетін инфрақұрылымның әлі де аз екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағытта мемлекеттің қолдауымен жұмыс жалғасады.

– Қазақстан бойынша әлемдік World Athletics бойынша сертификатталған жалғыз стадион – Олимпиадаға даярлау орталығында орналасқан стадион. Бірақ ол жерде көптеген спорт түрлерінен оқу-жаттығу жиыны өтеді. Сондықтан біз Ғұсман Қосанов мемориалы секілді жарыстарды өткізіп жатсақ, өзге құрамалардың оқу-жаттығу жиындарымен қатар келіп қалуы мүмкін. Одан бөлек Алматының Орталық стадионында жөндеу жұмыстары кезінде жүгіру жолақтары алынуы мүмкін деген сыбыс болды. Біздің тарапымыздан бұл жолақтарды алмай, әрі қарай жеңіл атлетиканың дамуына үлесін қосса деген ұсыныс бар. Сондай-ақ Қызылорда қаласында да үлкен стадион салынып жатыр. Біз жеңіл атлетикадан жүгіру жолақтары ескерілсе деп федерация атынан хат жолдадық. Алда жоспар көп, оның бәрін министрліктің қолдауымен бірте-бірте шешеміз, - деді Келбет Нұрғазина.

Еске салайық, бұған дейін жеңіл атлетикадан ұлттық құрама сапына жаңа шетелдік спортшылар қосылуы қаншалықты мүмкін екенін жазғанбыз.