Міндетін дұрыс атқармаған министрлер мәселесі Парламенттің назарында болады – Ерлан Сайыров
«Әлеуметтік блок бойынша әр министрге тек «AMANAT» партиясының ғана емес, басқа да партиялардың ұсынған бағдарламаларын қалай іске асыру керектігі туралы нақты ұсыныс берілді. Егер министрлер сол бағдарламаны орындамайтын болса, онда олардың міндетіне қатысты мәселені көтеретіндігімізді ашық айттық», – деді Ерлан Сайыров телебағдарлама эфирінде.
Сондай-ақ, жоба жүргізушісі халық қалаулысынан «мәселе шешімін таппаған жағдайда Парламент белгілі бір министрлерді орнынан алып тастау туралы ұсыныс білдіруі мүмкін десек бола ма?» деп сұрады.
«Ұсыныс білдіреміз. Қазіргі таңда нақты кандидаттар да бар. Бұл жерде атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық. Бүгінде экономика, ауыл шаруашылығы саласында нақты кандидаттар бар. Олардың жұмысына бақылауды күшейтеміз. Бұл жерде әлеуметтік сала да бар. Аталған салаға Еңбек министрлігі жауапты. Түрлі еңбек даулары болып жатады, бірақ біз министрліктің ешқандай рөлін көріп отырған жоқпыз. Әр сала бойынша министрлерге нақты тапсырма берілді. Біздің партияның фракциясы нақты жүктелген тапсырмалар бойынша айына бір рет Үкіметтің есебін тыңдайды. Мысалы, осы жұма «Самұрық-Қазына» ұлттық қоры жайлы мектеп салу бойынша есеп береді. Шынын айту керек министрлердің мәселесі Парламент депутаттарының аясында болады. Бүгінде Парламенттің Үкіметтің жұмысын бақылаудағы рөлі артып келеді», - дейді ол.