Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары жалғасуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын оңтайлы жүргізу мақсатында барлық өңірлерде өңірлік және республикалық штабтар құрылған болатын.

Соның арқасында республикалық штаб мүшелері 8 мыңнан астам, ал өңірлік штаб мүшелері 66 мыңға жуық медициналық қызметкерлер арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Қазақстанда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, халықаралық озық тәжірибені ескере отырып әзірленген, мемлекеттің, жұмыс берушінің және әр адамның жауапкершілігіне негізделген жаңа медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Мемлекет белсенді емес халық үшін жарналарды жүзеге асырады, ал жұмыс берушілер жалдамалы жұмысшылары үшін жарна төлейді. Салық органдарында тіркелген жұмыскерлер және өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған азаматтар жарнаны өздері үшін төлейді

 Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары 2016 жылдың маусым айынан бастап жүргізіліп келеді.  2016 жылдың қыркүйек айынан бастап,  жұмыс берушілер, өзін өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар мен  ірі кәсіпорын жұмысшылары арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілді. Соның нәтижесінде 2 мыңға жуық  кездесулер ұйымдастырылды,  230 мыңға жуық адам қамтылды.

2017 жылдың басынан 1388 кездесу ұйымдастырылып, онда 146 мыңнан астам адам ақпарат алды.  Олардың 40% - ауыл тұрғындары.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында сақтандырылған азаматтарды амбулаториялық дәрімен қамтамасыз етумен бірге амбулаториялық-емханалық көмек көрсету, стационарлық медициналық көмек, жоғарытехнологиялық медициналық қызметтер, стационарды алмастыратын технологиялар, ұзақмерзімді мейірбикелік күтім ұсынылады.

Бұған қоса, өз еркімен сақтандыру жасаған азаматтар жеке сақтандыру компанияларымен жасалған шарт негізінде, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілмеген медициналық қызметтерге қол жеткізе алады.

МӘМС бойынша барлық қажетті ақпаратты Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорының сайтынан алуға болады. Сондай-ақ, Facebook әлеуметтік желісінде «Қолжетімді медицина» атты парақша бар.  Алматы, Астана қалаларында министр, оның орынбасары, Қор Басқарма төрайымы журналистер пулымен, блогерлермен кездесулер өткізген болатын.  Жалпы ақпараттық түсіндіру жұмыстары дөңгелек үстел аясында ұйымдастырылып отырады. Сондай-ақ, жетекші ірі республикалық телеарналарда, өңірлік арналар мен лед экрандар арқылы МӘМС бойынша бейнероликтер көрсетілуде. Оған қоса, кинотеатрлардағы әр сеанс алдында аталған ақпараттық түсіндіру жұмысы аясында бейнероликтер айналуда.

Естеріңізге сала кетейік, мемлекет, жұмыс берушілер және өз-өзін қамтамасыз ететін азаматтар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарналарын 2017 жылдың 1-ші шілдесінен сала бастайды. Яғни, шілде айынан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жұмыс істеуге кіріседі. Оған мемлекеттен, жұмыс берушілерден және тұрғындардан ай сайын ақша аударылады. Бұл қаражат сақтандыру жүйесіне қатысатын халықтың барлығын тегін медициналық көмекпен қамтамасыз етіп отыруға кепіл болады.

Сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу нәтижесінде елімізде медициналық көмек көрсету деңгейі айтарлықтай жоғарылайды, сондай-ақ дәрігерлердің жалақыларын көтеруге мүмкіндік туады деген болжам бар.