- Сәуле Сағынтайқызы бала күтіміне байланысты еңбек демалысында болатын әйелдердің зейнетақы жарналарын субсидиялау туралы тарқата айтып берсеңіз.
- Зейнетақы жүйесін жаңғырту мәселесі талқыланған кезде әйелдердің зейнетақы жинақтарының орташа көлемі ер-азаматтарға қарағанда 25 пайызға кем болатындығына бірнеше мәрте назар аударылған болатын. Әйелдердің зейнетақы жинақтары көлемінің аздығы олардың декреттік демалыста болуына және ерлермен салыстырғанда зейнеткерлікке ерте шығуымен байланысты жинақтау жүйесіне қатысу өтілінің төмендігі басты себеп.
2013 жылдың 7 маусымында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев зейнетақы жүйесін реформалау мәселесі бойынша Қазақстан халқына үндеу жариялап, онда бала күтімі демалысы кезінде жұмыс істеуші әйелдердің міндетті зейнеткерлік салымына мемлекет есебінен қосымша төлемақыны қамтамасыз етуді Үкіметке тапсырған еді.
2014 жылдың 10 қаңтарында «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына енгізілген толықтырулар жұмыс істейтін әйелдердің бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыста болғанына қарамастан, олардың жеке зейнетақы шоттарына міндетті зейнетақы жарналары толық түсуін қамтамасыз етуді қарастырады.
- Бұл біздің азаматтарымызға не береді?
- Енгізілген бұл норма зейнетақы салымының үздіксіз түсіп отыруын және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыста болған жұмыс істейтін әйелдердің зейнетақы жинақтары көлемінің арта түсуін қамтамасыз етеді.
Бюджет қаражаты есебінен міндетті зейнетақы салымдарын субсидиялау Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан ары - Қор) бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдерді алушылардың пайдасына орай ай сайын жүзеге асырылатын болады.
Міндетті зейнетақы салымдарын субсидиялау 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қордан бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алуға міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы өтініш бергеннен кейін жүзеге асырылады.
Бұл ретте 2014 жылдың 1 қаңтарына дейін бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алушыларға міндетті зейнетақы салымдарын субсидиялау 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала бір жасқа толғанға дейін жүргізіледі.
- Міндетті зейнетақы салымдарының көлемі қандай?
- Бюджет қаржысы есебінен субсидиялау ескерілген міндетті зейнетақы салымының және бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдерден ұсталатын міндетті зейнетақы салымының жиындық көлемі заңнамамен табыстың 10 пайызын құрайды деп анықталған. Әлеуметтік төлемдерді аудару Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
Осылайша, әлеуметтік төлемдер аударымының нысаны ретінде ескерілетін табыстың орташа көлемінен 10 пайыздық міндетті зейнетақы салымының 4 пайызы Қордан бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер, ал 6 пайызы бюджет қаржысы есебінен қамтамасыз етілетін болады.
- Зейнетақы салымын ай сайын субсидиялау көлемі қалай айқындалады?
- Ай сайынғы бюджет субсидиясының көлемі табыстың орташа айлық көлемінен алынатын міндетті зейнетақы салымы сомасы мен Қордан бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнен ұсталатын міндетті зейнетақы салымы сомасының айырмасы ретінде айқындалады.
Мәселен, әлеуметтік салық төленген табыстың орташа айлық көлемі 100 мың теңгені құрайды. Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысын жоғалтқандарға арналған Қордан берілетін ай сайынғы төлем көлемі табыстың орташа айлық көлемінің 40 пайызы болып есептелінеді, яғни 100 мың теңгеден ол 40 мың теңгені құрайды. Бұл жағдайда субсидия көлемі 6 мың теңгеге тең (100 000 * 10%) - (40 000 *10% ).
Осылайша, аналардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы есепшоты 1 жылда 120 мың теңгеге толығады, оның 72 мың теңгесі республикалық бюджет субсидиясы болса, ал 48 мың теңгесі мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры қаржысынан төленетін әлеуметтік төлемдер.
Егіздер дүниеге келген жағдайға қатысты да бір мысал келтіре кетейін. Бұл жайтта да әлеуметтік салық төленетін табысты 100 мың теңге деп алайық. Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысын жоғалтқандарға арналған Қордан берілетін ай сайынғы төлем көлемі табыстың орташа айлық көлемінің 40 пайызы болғандықтан екі балаға 80 мың теңге төленеді. Ал субсидия көлемі 2 мың теңге 2 (100 000 * 10% - (40 000 *10% +40 000*10%) )).
Демек, егіздердің анасы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы есепшотын 1 жылда 120 мың теңгеге толықтыратын болады. Оның 24 мың теңгесі республикалық бюджет субсидиясы, ал 96 мың теңгесі мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры қаржысынан төленетін әлеуметтік төлем.
- Зейнетақы жарнасы субсидиясын алатын әйелдер саны қанша?
- 2014 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша міндетті зейнетақы салымдарын субсидиялауға құқығы бар бала күтімімен байланысты әлеуметтік төлем алатындардың саны 92,6 мың адамды құрады. Ал, Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорына субсидияға аударылатын бюджет қаражаты 500 млн. теңгеден асып жығылады. Тоқ етерін айтқанда, міндетті зейнетақы жинағын субсидиялау аналарға өте жақсы көмек болғандығы анық.