Міндетті және өзара сақтандыру жөніндегі заң жобасы келісім комиссиясына ұсынылады

АСТАНА. Желтоқсанның 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті және өзара сақтандыру, салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістер талқыланды.

 Ол бойынша қос палата арасында келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісім комиссиясын құру туралы шешім қабылданды,   деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Бұл заң жобасының мақсаты сақтандырудың міндетті түрлерін қарастыратын заңнамалық актілердің жекелеген ережелерін нақтылау мен реттеуге бағытталады. Бұдан басқа, құжатпен өзара сақтандыру қоғамдарын дамытуды одан әрі ынталандыру, сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың мүліктік және әлеуметтік мүдделерінің құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ салық әкімшілігін жүргізуді жетілдіру шаралары көзделеді. Атап айтқанда, қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына келтірген зиян үшін жұмыс берушінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру жөніндегі функцияны өмірді сақтандыру жөніндегі сақтандыру ұйымдарына беру көзделеді.

Сенаторлар заң жобасына 120-дан астам түзетулер енгізген болатын. Парламент Мәжілісі бұның 56-сы бойынша өз ұстанымдарында қалатынын білдірді. Осыған орай, қос палата арасында келісім комиссиясын құру туралы шешім қабылданып, оның құрамына депутаттар сайланды.