Бұл туралы министр Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында өңірдің аграршыларымен кездесуде және облыстағы озық шаруашылықтардың бірі — «Шахтерское» серіктестігінің жұмысымен танысу кезінде айтты.
Айдарбек Сапаров елімізде егін жинау науқаны жалпы алғанда жақсы қарқынмен жүріп жатқанын атап өтті. Бүгінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 10 млн гектар алқаптан, яғни жалпы егіс алқабының 63,9 пайызынан жиналды. 14 млн тонна астық бастырылды.
Егін жинау қарқыны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жоғары. 2025 жылдың осы кезеңінде 6,7 млн гектар алқап жиналып, 9,5 млн тонна астық бастырылған болатын.
Қарағанды облысында дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 646 мың гектардан, яғни жалпы алқаптың 71,4 пайызынан жиналды. Бұдан бөлек, 197 мың тонна картоп пен 63 мың тонна көкөніс жиналды.
Кездесуде талқыланған негізгі мәселелердің бірі — ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қаржылық қолдаудың қолжетімділігі болды.
«Кең дала» бағдарламасы аясында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге Қарағанды облысындағы 233 фермерге жалпы сомасы 15,6 млрд теңге көлемінде қаржыландыру берілді. Бұл қолдау 182 мың гектардан астам егіс алқабын қамтыды.
Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша жалпы құны 18,2 млрд теңге болатын 925 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын жеткізуге 866 шарт жасалды.
Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында өңірге бөлінген 7 млрд теңге толық игерілді. Суармалы егіншілікті дамыту және тауарлық сүт фермаларын салу бағыттары бойынша төрт жоба қаржыландырылды.
Министр агроөнеркәсіптік кешеннің қарқынды дамуы тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Осыған байланысты ол кәсіпкерлерді өздері жұмыс істейтін ауылдардың инфрақұрылымын дамытуға белсенді инвестиция салуға және ауыл тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру жағдайларын жасауға шақырды.
— Аграршылар тек маусымдық жұмысқа адам жалдамай, ауыл тұрғындарын жыл бойы тұрақты жұмыспен қамтуға ұмтылуы керек. Адамның тұрақты жұмысы, лайықты өмір сүру жағдайы және туған ауылында қажетті инфрақұрылымы болған кезде оның еңбекке де, жерге де көзқарасы мүлде өзгеше болады. Бұл туралы Мемлекет басшысы да бірнеше рет айтқан, — деді Айдарбек Сапаров.
Министр тиімді шаруашылық жүргізудің және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жарқын үлгісі ретінде жұмыс сапары барысында барған «Шахтерское» серіктестігінің қызметін атап өтті.
Кәсіпорын ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отыр. Шаруашылық картоп тұқымын өсіру бойынша элиталық тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие және дәнді дақылдар тұқымының бастапқы тұқым өндірушісі болып табылады. Сонымен қатар шаруашылық базасында етті бағыттағы ангус тұқымды ірі қара мал өсіретін ірі репродуктор жұмыс істейді.
Министр картоп қоймасының жұмысымен, картоп жинау барысымен, сондай-ақ екі ірі инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. Атап айтқанда, 1 792 гектар суармалы жерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу және қуаты 15 мың тонна болатын жаңа көкөніс қоймасын салу жобалары жүзеге асырылуда.
Кәсіпорын өндірісті кеңейтуге ғана емес, ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға да инвестиция салып отыр.
Министрдің пікірінше, дәл осындай тәсіл ауылдық жерлердегі бизнес үшін негізгі бағдарға айналуы тиіс. Яғни кәсіпорынның экономикалық тиімділігі өзі жұмыс істейтін аумақтың дамуына деген жауапкершілікпен қатар жүруі қажет.
«Шахтерское» серіктестігінің басшысы, «Еңбек ері» атағының иегері Георгий Прокоп мемлекеттік қолдау қазіргі таңда ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту мен оның тиімділігін арттырудың маңызды факторы екенін атап өтті.
— Бүгінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға бағытталған тұтас құралдар кешені әзірленді. Инвестициялық субсидиялар мен жеңілдетілген несиелендірудің арқасында біз техниканы жаңартып, суармалы егіншілікті дамытып, заманауи сақтау нысандарын салып, өндіріс қуатын кезең-кезеңімен арттыра аламыз, — деді Георгий Прокоп.
2025 жылы «Шахтерское» серіктестігінің негізгі капиталына салған инвестиция көлемі 5 млрд теңгеден асты.
Айдарбек Сапаров елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін суармалы алқаптардың көлемін ұлғайту және ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтаудың заманауи нысандарын құру стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
Өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері министрге мемлекеттік қолдау мен қаржыландыру, өндірісті дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру және агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамыту мәселелері бойынша өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды.
Бұған дейін Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға 350 млрд теңге бөлінгенін жазғанбыз.