Министр Атырау облысындағы медициналық қызметпен нашар қамтылған елді мекендерді атады
«Республикалық комиссия жұмысының аясында Алмалы, Берекелі елді мекендеріне барғанда келешегі бар, перспективалы ауылдарда дұрыс медициналық ғимараттардың жоқтығы байқалды. Медицина қызметкерлеріне, әсіресе дәрігерлерге, халыққа да жағдайдың жасалмағаны көзге түсті. Әкімдіктің ақпараты бойынша, бүгінгі таңда осы мекемелерді салу үшін тиісті құжаттар әзірленуде. Келесі жылдан бастап аталған елді мекендерде медициналық ұйымдар салу жоспарланып отыр», - деді министр Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.
Ажар Ғинияттың мәліметіне қарағанда, Атырау облысының әкімдігі 2026 жылға дейін халықтың қажеттілігін өтейтін 19 медициналық-санитарлық алғашқы көмек обьектісін қолданысқа беруді жоспарлап отыр.
«Оның ішінде биыл 7 обьект: Құрманғазы ауданының Қадырка ауылында медициналық бекет, Махамбет ауданының Еңбекшіл ауылында медициналық бекет, Исатай ауданының Аққыстау ауылында фельдшерлік-амбулаториялық бекет, Атырау қаласының Береке шағын ауданында дәрігерлік амбулатория, Жылыой ауданындағы Жаңа Қаратон ауылында дәрігерлік амбулатория, Атырау қаласының Қара депо шағын ауданында дәрігерлік амбулатория құрылысы жүріп жатыр. Кейбір нысандар тіпті салынып бітуге жақын», - деді ведомство басшысы.