Министр Берік Камалиев әуежайлар басшыларының алдына нақты міндеттер қойды

АСТАНА. 27 шілде. ҚазАқпарат - ҚР көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев республика әуежайларының басшылармен әуежайлар инфрақұрылымдарын дамыту және авиациялық қаупсіздік мәселелері жөнінде мәжіліс өткізді.

Мәжіліске «Эйр Астана», «Скат» және «Евро-Азия Эйр» авиакомпанияларының, «Самұрық-Қазына» ҰҚҚ» АҚ, сонымен бірге мүдделі құқық қорғау органдарының өкілдері шақырылды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Көлік ведомствосының басшысы әуежайлардағы авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне, оның ішінде жолаушылар мен багажды тексеруге арналған техникалық құралдармен, жарылғыш заттарды іздеу және табуға арналған қазіргі заманғы жабдықпен жарақтандыру, авиациялық қауіпсіздік қызметінің тексеруге арналған техникалық құралдарын сертификаттау, сонымен бірге осы қызмет қызметкерлерінің кәсіби дайындау мәселелеріне арнайы тоқталды.

Министрлік еліміздегі әуежайларды дамыту жөнінде біршама жұмыстар атқарып келеді. Айталық, кейінгі бес жылда 6 әуежайда (Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Павлодар, Қызылорда, Шымкент) әуежай нысандары қайта жөнделді, немесе жаңадан салынды. Осы мақсаттағы инвестициялардың жалпы көлемі 25 млрд. теңгені құрады, оның 13,5 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен бөлінді.

Сонымен бірге, министр мұнымен қоса әлі де шешілмеген мәселелер аз емес, соған байланысты өңірлік әуежайлардың инфрақұрылымдарын қайта салу, әуе кемелері мен жолаушыларға қызмет көрсететін арнайы техниканы жаңарту, көрсетілетін әуежайлық қызметтің сапасына ерекше мән беру қажеттігін баса айтты.

Б.Камалиев жиналғандарға ағымдағы жылғы 3 маусымда Астана қаласын дамыту мәселелерін талқылау жөніндегі отырыс кезінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Эйр Астана» әуе компаниясы рейстерінің кідірістеріне байланысты сын ескертулерін және осы мәселені шешу жөніндегі тапсырмасын еске салды.

Министр бұл бағытта біршама жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Алматы және Астана әуежайларында рейстердің күнделікті мониторингін жүргізетін оперативті штаб құрылды, Алматы-Астана маршруты бойынша балама әуекомпаниялардың рейстері көбейтілді, «Эйр Астана» әуе компаниясының жаңа әуе кемелерін сатып алу жоспары жасалды. Сондай-ақ, әуе компаниялары мен әуежайлардың басшыларының әкімшілік жауапкершілігі қатайтылды. Осыған орай, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске сәйкесінше өзгерістер енгізілуде.

Алайда, әлі де ұшудың тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отыр.

Талқыланған мәселелер бойынша әуежайлардың иелері мен басшылары, сонымен бірге құқық қорғау органдарының басшылары сөз сөйледі.

Мәжілістің қорытындысы бойынша министр Б.Камалиев ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, осы мәжілісте аталған ескертулерді ескере отырып, әуежайлардың қызмет көрсетуін жақсарту жөнінде нақты шаралар мен орындау мерзімдерін белгіледі, әуежай иелеріне әуежайларды 2014 жылға дейін дамыту жөнінде перспективалық жоспар жасау, олардың қаржыландыру көздерін көрсетуді тапсырды.