Министр елдегі газ бен бензин қоры туралы түсіндірме жасады

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елімізде отын тапшылығы жоқ екенін айтты. 

Фото: Айжан Серікжанқызы

А. Сәтқалиев бұған дейін зауыттар мұнай өнімдеріне ішкі нарық қажеттілігін жабу үшін жөндеуге шығарылмайтынын немесе мерзімінен бұрын жөндеуден шығару тәжірибесі болғанын атап өтті. Бұл инфрақұрылымның айтарлықтай ескіруіне әкелді.

«Біздің басты мақсатымыз – қыс мезгілінде және тұтастай алғанда мұнай өңдеу зауыттарының жыл бойы тұрақты жұмыс істеуі. Сондықтан біз жұмыс режимін өзгерттік және барлық зауыттар белгіленген жоспарлы мерзімдерге сәйкес жөнделуі керектігіне назар аударамыз. Бұл ретте зауытты жөндеуге шығару үшін біз отын қорын алдын ала жинай бастаймыз», - деді А.Сәтқалиев. 

Оның айтуынша, Энергетика министрлігі мұнай өнімдерін тұтыну статистикасын жүргізеді және тиісті қорды дайындайды. Қажет болған жағдайда жанармай импорты туралы келісімдер де бар. 

«Қазіргі уақытта ешқандай мәселе жоқ. Бізде 27 күннен асатын уақытқа дизель, бензин, 45 күнге – авиакеросин бар және еш проблема болмайтынына сенімдіміз. Кейбір аймақтарда кейбір жанармай құю бекеттерінде сұйытылған газ тапшылығына қатысты мәселелер болды. Егін жинау науқаны мен жаңбырға байланысты өңірлердегі ауыл шаруашылығы өндірушілері астық пен бұршақ дақылдарын кептіру үшін дизель отыны мен сұйытылған мұнай газының қосымша көлемін сұрады. Осыған байланысты қосымша іздеуге тура келді, бірақ жөнелту белгіленген кестелерге сәйкес жүріп жатыр. Өңір ішінде ішкі бөлумен байланысты мәселелер бар, бірақ елімізде мұнай өнімдерінің бірде-бір түріне тапшылық жоқ», - деді А. Сәтқалиев.