Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының мәліметінше, шетелдік әлеуметтік желілер сегментінде Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың атынан айтылған, алайда оған тиесілі емес мәлімдемелер таралып жатыр.
— Талдау нәтижесінде бұл ақпараттық материалдың X және Bluesky платформаларындағы аккаунттар арқылы орыс, чех және ағылшын тілдерінде таратылғаны анықталды. Ақпаратты таратушылар қатарында Шығыс және Орталық Еуропаның бірнеше елінде орналасқан пайдаланушылар бар. X платформасындағы бастапқы жарияланым бірнеше сағат ішінде 12 мыңнан астам қаралым жинап, 200-ден аса репост жасалды. Бірдей мазмұндағы мәлімдеменің бір мезгілде бірнеше тілде таралуы жалған ақпараттың жүйелі түрде ұйымдастырылғанын аңғартады, — дейді ведомство мамандары.
Бұл ретте, Қазақстан хоккей федерациясының атқарушы директоры таралған ақпаратты ресми түрде теріске шығарды.
— Бірқатар шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Қазақстан хоккей федерациясы ресейлік хоккейшілерге бойкот жариялауды қолдады деген мазмұндағы ақпарат таралуда. Аталған ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазақстан Халықаралық хоккей федерациясының (IIHF) толыққанды мүшесі және өз қызметін ұйым жарғысы мен регламенттеріне қатаң сәйкес жүзеге асырады. Біздің ұстанымымыз бойынша, ұлттық құрамалардың халықаралық жарыстарға қатысуына рұқсат беру және әлем чемпионаттарына қатысушылар құрамын айқындау мәселелері Халықаралық хоккей федерациясының айрықша құзыретіне жатады. Мұндай шешімдер тиісті сот органдарының ұстанымы мен қолданыстағы халықаралық спорт нормалары ескеріле отырып қабылдануға тиіс. Қазақстан хоккей федерациясы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, спорттағы адал бәсекелестікті қамтамасыз ету және барлық қатысушы үшін тең жағдай қалыптастыру қағидаттарын тұрақты түрде қолдайды, — делінген федерация таратқан ақпаратта.
Осылайша, әлеуметтік желілерде таралып жатқан мәлімдемелер шындыққа сәйкес келмейді. Қазақстанның ресми ұстанымын бұрмалау арқылы халықаралық шиеленісті қолдан күшейту көзделуі мүмкін.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы әлеуметтік желілердегі жарияланымдарға сыни көзқараспен қарап, ондағы мәліметтерді ресми дереккөздер арқылы міндетті түрде тексеру қажеттігін тағы да еске салады.
Бұған дейін әлемді дүрліктірген 12 фейк туралы жазғанбыз.