Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2015 жылы үкіметтік емес ұйымдардың деректер базасы құрылды. Бұл өз кезегінде ҮЕҰ-лардың әлеуеті мен мүмкіндіктерін білуге ықпал етеді. Осы базаның толығуы тиісті деңгейде емес екендігін атап өткен жөн. Онда тек 2,5 мың ғана ұйым ұсынылған сонымен қатар, гранттар мен сыйақыларды осы базада тіркелгендер ғана алуға қауқарлы. Бүгінде үкіметтік емес ұйымдарды деректер базасына тіркелуге тарту үшін ақпараттық түсіндіру жұмыстарымен аналысудамыз. Осы орайда мемлекеттік органдарды әсіресе, жергілікті жерлерде аталған үдеріске белсенді қосылуын сұраймыз», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде деректер базасын электронды форматқа ауыстыру жүзеге асырылуда.
«Оны толыққанды іске қосу үшін биыл қосымша 50 млн. теңгеге дейінгі көлемде қаржыландыру қажеттілік етеді. Деректер базасымен жұмыс қызмет етпей жүрген ҮЕҰ-лар проблемасын да өзектендірді. Әкімдіктер деректеріне қарағанда, олардың саны тоғыз мыңға жетіп отыр. Тиісті шешім жасау тұрғысында сарапшылар Қаржы министрлігімен жұмыс істемей жатқан осы ұйымдардың ерікті рақымшылығын жүргізуді ұсынуда», - деді Н.Ермекбаев.