Министр «Ертіс орманы» резерватындағы өрт туралы: жағдай бақылауда
«Қазір жаңа күш келді, жағдайды толық бақылауға аламыз. Өрттің ошақтары контур бойынша сөндіріледі. Авиация таңертеңнен дайын тұр. Тікұшақ ірі өрт ошақтарын сөндіруге жұмылдырылады. Тікұшақ іркіліссіз жұмыс істеуі үшін облыс әкімінің шешімімен жанар-жағармай бекеті ұйымдастырылды. Сол арқылы уақыт үнемделеді, тиісінше тікұшақ суды молырақ шашады. Жалпы жағдай бақылауда» - деді Сырым Шәріпханов.
Бұған дейін «Ертіс орманы» резерватында өрт шыққаны туралы хабарлаған едік.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 15 шілде күні Шарбақты ауданының Степное және Бауыртал орманшылықтарында орманнан өрт шықты.
Төтенше жағдайлар министрі мен облыс әкімі аумақты әуеден барлады. 98 орамдағы өрт ерекше бақылауда, онда өрт күшейіп бара жатқаны хабарланды.