Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіп кешенін дамытудың өзекті мәселелері, Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру, алға қойған мақсаттардың орындалуы жөнінде кеңес өткізді. Жиынға министрлікке қарасты ұйымдар мен қаржы институттарының басшылары, облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Министр елімізде егін жинау науқанының негізгі бөлігі аяқталғанын айтты. Қазірдің өзінде 24,3 млн тонна астық бастырылды. Майлы дақылдардың 91 пайызы жиналып, қамбаға 5,1 млн тонна өнім құйылды. Мақта, жүгері және қант қызылшасын жинау жұмыстары да аяқталып келеді.
— Ендігі басты міндетіміз — жиналған өнімді жоғары деңгейде сақтай отырып, тиімді өткізу, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету және экспорт көлемін ұлғайту. Мемлекет басшысы Жолдауында халықтың табысын арттыру міндетін қойып, инфляцияны ауыздықтауға айрықша мән берді. Сондықтан азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мәселесі жергілікті атқарушы органдардың басты назарында болуы керек, — деді министр.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова азық-түлік нарығындағы ахуал мен отандық өндірістің даму қарқыны туралы баяндады. Оның айтуынша, биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында елімізде 3,2 трлн теңгенің азық-түлік өнімі өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,8 пайызға артық.
Тамақ өнеркәсібінің негізгі бағыттарында тұрақты өсім бар. Мәселен, өсімдік майын өндіру 25,2 пайызға, ұн өндіру 13,9 пайызға, ірімшік пен сүзбе өндіру 9,3 пайызға артқан.
Азық-түлік өндірісін одан әрі ұлғайту үшін отандық өндірушілерге бірқатар қолдау шарасы қарастырылған. Олардың қатарында жеңілдетілген несие беру, субсидиялау және салықтық жеңілдіктер бар.
Дегенмен өндіріс көлемін арттырумен қатар, өнімді тұтынушыға уақтылы әрі қолжетімді бағамен жеткізу де маңызды. Осыған байланысты өңір әкімдіктеріне ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен сауда желілері арасындағы тікелей байланысты нығайту, делдалдарды азайту, сауда орындарының желісін кеңейту және ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін жиі өткізу тапсырылды.
Маусымдық кезеңде көкөніс бағасының шарықтап кетуіне жол бермеудің бір жолы — өнімді алдын ала келісімшарт арқылы сатып алу. Қазір өңірлер 101 мың тонна картоп, 26,8 мың тонна сәбіз, 24,9 мың тоннадан пияз бен қырыққабат сатып алған.
Астана мен Алматы қалаларының, Маңғыстау және Павлодар облыстарының әкімдіктеріне қысқа мерзімде келісімшартпен сатып алынған көкөніс көлемін халықтың үш айлық қажеттілігінің 30 пайызына дейін жеткізу міндеттелді.
Кеңесте мал шаруашылығын дамытудың Кешенді жоспарын жүзеге асыру және ет кластерлерін қалыптастыру мәселелері де кеңінен талқыланды.
Биыл асыл тұқымды мал сатып алуға 64,2 млрд теңге бөлінген. Осы қаржы есебінен 29,6 мың бас ірі қара және 15,2 мың бас ұсақ мал сатып алу жоспарланып отыр. Қолданыстағы несиелеу бағдарламаларын жүзеге асыруда Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері белсенділік танытып келеді.
Сонымен бірге министр бірқатар өңірде жұмыстың баяу жүріп жатқанын сынға алды. Ол әрбір жобаның орындалуын өтінімді қабылдаудан бастап, малды шаруашылыққа жеткізуге дейінгі барлық кезеңде жіті бақылауды тапсырды.
— Мемлекет мал шаруашылығын өркендетуге қомақты қаржы бөліп отыр. Бұл қаражат нақты нәтиже беруі керек. Яғни мал басы көбейіп, мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі артуға, малдың өнімділігі жоғарылап, саланың экспорттық мүмкіндігі кеңеюге тиіс. Кешенді жоспарда белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізе алмаған өңірлер келесі жылы жаңа жобаларды қаржыландыруға үміт арта алмайды. Мемлекеттік қолдау бөлінген қаржыны тиімді пайдаланып, нақты нәтиже көрсеткен шаруашылықтар мен өңірлерге берілуі керек, — деді Айдарбек Сапаров.
Жиын соңында өңір әкімдіктеріне өндіріс көлемінің өсу көрсеткішін арттыру, кәсіпорындардың өндірістік қуатын толық пайдалану, жаңа нысандарды белгіленген мерзімде іске қосу және «Игілік», «Береке», «Жайлау» бағдарламаларына бөлінген қаражатты толық әрі уақытылы игеру тапсырылды. Бұл мәселелер әкімдіктердің тұрақты бақылауында болуы керек.
— Саланы одан әрі дамыту үшін өңірлер тапсырманы қағаз жүзінде орындаумен шектелмеуі керек. Ең бастысы — нақты нәтиже және басшылардың жеке жауапкершілігі. Мемлекеттік қолдауға бөлінген әрбір теңге өндіріс көлемін ұлғайтуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және отандық агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жұмсалуы қажет, — деді министр.