Министр Қазақстанда оқығысы келетін ресейлік студенттерге қатысты пікір білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл мамыр-қыркүйек аралығында шетел асып білім алып жатқан 2,5 мыңнан астам отандық студент білімін елде жалғастыру үшін қайта оралды. Бұл туралы ҚР Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Студенттердің ауысуы халықаралық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады. Өздеріңіз білетіндей, біз Болон процесінің мүшесіміз. Сондай-ақ, жоғары білім беру бойынша бірнеше халықаралық келісімшарт бар. Келісімдерге сәйкес шетел студенті Қазақстанға ауысып оқимын десе, біз оған шектеу қоя алмаймыз. Шетел студенттерін қабылдауды жоғары оқу орындары өздері өткізеді», - деді Саясат Нұрбек тілшілердің сұрағына жауап бере тұрып.

Министрдің айтуынша, шетел студенттерін қабылдауға қатысты бір ғана талап бар. Қабылдау процесі оқу кезінде емес, демалыс, яғни каникулда жүзеге асуы тиіс.

Жоғарыда аталған талап шетелде оқып жатқан қазақстандық студенттерге қатысы жоқ. Саясат Нұрбектің мәлімдеуінше, шетелдегі отандық студенттер елге кез келген уақытта орала алады.

«Соңғы уақытта шетелде оқып жатқан біздің жерлестеріміз Қазақстанға оралуға жиі ниет танытып жатыр. Биыл мамыр-қыркүйек айы аралығында 2,5 мыңнан астам шетелде білім алып жатқан қазақстандық студент елге қайтып келді», - дейді ол.

Сондай-ақ, ведомство басшысы Қазақстанда оқығысы келетін студенттердің дені Ресейден екенін тілге тиек етті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай елімізде ЖОО-ға арналған инклюзивті білім беру тұжырымдамасын әзірлеу қолға алынды.