Министр Қазақстанда жасалған өрт сөндіру көліктерін таныстырды

None
АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанада ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың қатысуымен алғашқы қазақстандық өрт сөндіру көліктерінің таныстырылымы болды.

Индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде «КамАЗ» инжиниринг» немістің Метц компаниясымен бірлесіп, өзінің базасында 32 метрлік сатысы бар арнайы өрт сөндіру көлігін жасап шығарды.

«Бұл өте сапалы автосатылар біздің елде тұңғыш рет жасалып отыр. Аталмыш жоба біздің елде биік ғимараттарда өрт сөндіретін көліктерді құрастыру желісін қалыптастыруға арналған серпінді жоба», - дейді В. Божко.

32 метрлік саты 10 қабатты үйдің биіктігін қамтиды. Онда өрт сөндіруге арналған автоматтандырылған су құрылғылары мен адамдарды құтқаруға қажетті зембіл орнатылған.

«Біз болашақта олардың санын арттыратын боламыз. Келесі жылғы қаржы жоспары бойынша, осындай 3 өрт сөндіру автосатыларын сатып алу көзделуде. Дегенмен бұл тым аз, себебі Қазақстанға аталмыш құрылғылар тым қажет. Келешекте өрт сөндіру құралдары толықтай ауыстырылады. Аталмыш мақсатқа жыл сайын 5 млрд. теңге бөлініп келеді. Жоба еліміздің өрт сөндіру қызметіндегі техника жетіспеушілігі мәселесін жауып, толықтай қазақстандық өнімге көшуге мүмкіндік бермек», - деп атап өтті министр.

Сондай-ақ, «Оралагросельмаш» зауытында құрастырылған 20 өрт сөндіру көлігі таныстырылды.

Ведомство басшысының айтуынша, Қазақстанда қазіргі уақытта 1,5 мың өрт сөндіру көлігі мен 247 сатысы бар техника жетіспейтін көрінеді. Соңғы жеті жылда өрт сөндіру қызметтеріне әр түрлі функционалдық мақсаттары мен үлгі қатарындағы 8 жүзге тарта автокөлік сатып алынған. Оның 40 пайызы - отандық өндірушілердің өнімі.