Министр қазақстандықтардың жалақысы туралы айтты

Фото: None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандықтардың орташа айлық жалақысы 1,9 пайыздық өсімді көрсетіп отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еңбек нарығында тұрақтылық тренді байқалады. Осы жылдың басынан бері 414,5 мың адам жұмысқа орналастырылды (1 қазандағы жағдай бойынша-авт.). Жұмыссыздық 4,9 пайыз деңгейінде сақталуда», - деді 2018 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндаған министр.

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, жалақы бір қалыпты қарқынмен өсіп келеді.

«Ағымдағы жылғы қаңтар-қыркүйекте орташа айлық жалақы 158,2 мың теңгені құрады. Орташа айлық жалақы 1,9 пайызға өсіп отыр», - дейді ол.

Министр сонымен қатар, осы жылдың қаңтар-тамызында нақты ақшалай кірістер нақты жалақының өсуі мен инфляциялық процестердің баяулауы аясында 3,5 пайызға өскенін атап өтті.

«Қыркүйек айында экономиканың 6 пайызға өсуі арқасында жылдың қорытындысы бойынша, жалпы ішкі өнім өсуінің 4+ деңгейіне жетуіне мүмкіндік пайда болғанын атап өткім келеді. Ол үшін төртінші тоқсанда экономиканың 3,9 пайыздан кем емес дамуын қамтамасыз ету қажет», - деді Тимур Сүлейменов.

Айта кетейік, Елбасы биылғы Жолдауында Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырған болатын.

Соңғы жаңалықтар