Министр Қуантыров Ұлытау облысындағы Анненская шахтасына түсті

ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат – Ұлытау облысына жұмыс сапары барысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Анненская шахтасына түсіп, мыс өндірудің технологиялық процесімен танысты, кеншілермен әңгімелесті. ҚазАқпарат бұл туралы министрлің мәліметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Анненская шахтасы Сәтбаев қаласындағы Шығыс-Жезқазған кенішінде орналасқан.

Кен орнында 1780 адам жұмыс істейді. Орташа жалақы – 762 мың теңге.

Сондай-ақ, министрлік басшысы «Kazakhmys Smelting» құрамына кіретін Жезқазған мыс балқыту зауытының жұмысымен танысты. Кәсіпорын 497 мың тонна көлемінде мыс концентратын өңдейді және жылына 178 мың тонна катодты мыс өндіреді.

Жезқазған мыс балқыту зауытында 2 мыңнан астам адам тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілген. Металлургтердің орташа жалақысы айына 518 мың теңгені құрайды.

Атап айтқанда, министр бірнеше цехты аралап көріп, кәсіпорынның жұмыс барысымен танысты. «Kazakhmys Smelting» компаниясының бас директоры Жәнібек Байғабелов зауытты жаңғырту, өндірістің келесі кезеңдерін іске қосу туралы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ ол проблемалы мәселелерді көтерді, оның ішінде газ және жабық вагондардың тапшылығы.