Министр марихуананы заңдастыруды ұсынды

АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - Францияның Тұрғын үй құрылысы министрі, «Жасылдар» партиясының көшбасшысы Сесиль Дюфло марихуананы алкоголь өнімдері мен темекіге теңестіру жөнінде ұсыныс жасады, деп хабарлайды Лента.ру сайты.

Дюфло бұл мәлімдемесін Франциядағы парламенттік сайлауға санаулы күндер қалғанда (сайлау 10 маусымда өтеді) жасап отыр. Сайлауға оның да партиясы түседі деп күтілуде. Министрдің ойынша, марихуананы заңдастыру есірткі трафигін азайтып, қылмыстардың алдын алады. Сондай-ақ, мемлекеттің денсаулық сақтау бағдарламасын тиімді жүзеге асыруға септігін тигізеді.

Дюфло өз партиясының ұстанымын жауапкершілігі мол әрі заманға сай ұстаным деп есептейді.

Министрдің ұсынысы Франция Үкіметін екіге жарып, қызу пікірталас алаңына айналдыруы мүмкін деп есептейді RTL агенттігі. Ал Премьер-министр Жан-Марк Эро бұл тек Дюфлоның жеке ұстанымы екенін, оған үкіметтің еш қатысы жоқ екенін мәлім еткен. Ішкі істер министрі Мануэль Вальс есірткіге қатысты қолданыстағы заңның бір мысқалға да жұмсаруына қарсы екенін баса айтқан. Сондай-ақ, бұрынғы Әділет министрі Рашида Дати Дюфлоның «жөнсіз мәлімдемесі» айда аспанға шығарғанын айтуда.

Француз саясаткерлерінің арасынан марихуананы заңдастыру туралы мәлімдемені бір ғана Дюфло жасап отырған жоқ. 2011 жылы Францияның бұрынғы Ішкі істер министрі Даниэль Вайан да марихуананы заңдастыру керек деп баяндама жасаған болатын. Қазіргі Франция президентінің сайлау кезіндегі кеңесшісі болған Франсуа Ребсаман да осыған ұқсас мәлімдеме жасаған. Алайда Франсуа Олланд оны жоққа шығарған еді.

Еуропалық есірткі мониторингісі орталығының деректері бойынша, 2005 жылы ересек француздардың 5 пайызы марихуананы қолданатындарын ашық айтқан көрінеді.