«Майқайыңалтын» акционерлік қоғамында қазіргі таңда құтқарушыларға қауіп болғандықтан, олардың жұмысы тоқтатылғанын білесіздер. 13 мамырдан бастап дайындық шаралары жүріп жатыр, оның ішінде тау-кен жұмыстары, құлаған топырақтың солтүстік-шығыс бөлігін кеңейту жұмыстары әлі жалғасуда. Бұл жұмыс бітіп, құтқарушыларға қолайлы жағдай туған соң іздеу жұмыстары жалғасады. Нақты уақытын айта алмаймын», — деді министр Үкімет үйінде өткен брифингте.
«Министр ретінде міндетті түрде іздеу жұмыстарын жандандырамыз, із-түссіз кеткендерді табамыз деп уәде бере аласыз ба?» деп сұрақ қойды тілшілер.
«Бұл — мәйіттерді шығарамыз деп тірі құтқарушылардан айырылып қалмайық деген ой, сондай мақсатпен бүкіл қауіпсіздік шараларын қабылдап жатырмыз. Сондықтан түсінулеріңізді сұраймыз», — деді Шыңғыс Әрінов.
Еске сала кетейік, биыл 4 қаңтарда «Майқайыңалтын» кен орнында үлкен ойық маңында топырақ опырылып, 4 адам мінген автобус жердің астына түсіп кеткен болатын.
15 мамырда Майқайың алтын кенішінде қос құтқарушыны іздеу жұмыстары қайта жанданды.
Елорда соты алтын кенішіндегі қайғылы оқиға 100% «Майқайыңалтын» АҚ-ның кінәсінен болған деген мәміле жасаған еді.
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов Майқайыңдағы апат бойынша 21 адам кінәлі деп танылуы мүмкін екенін мәлім етті.