Министр медицина саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

АСТАНА. Маусымның 19-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанадағы Конгресс-Холл сарайында ҚР Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев медицина саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Өткен жылдың мамырында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың денсаулық сақтау саласының алдына қойған тапсырмаларына сәйкес, бүгінде қолға алынған іс-шаралардың нәтижесінде ана мен бала өлім-жітімінің төмендеу үрдісі байқалуда, онкопатологиялық ауруларға шалдыққан науқастардың өмір сүру ұзақтығы артып отыр, туберкулезбен ауыратындарға арнап көптеген емханалар салынды. Сондай-ақ елордада медициналық кластерді құру мақсатында бірқатар денсаулық сақтау нысандарының басын біріктіріп отырған Ұлттық медициналық холдингі құрылып, оның таяуда бір жылдығы да атап өтілді», - деді министр. Республиканың бас дәрігері сонымен қатар, бірқатар медицина қызметкерін «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» және «Денсаулық сақтау саласының үздігі» кеуде белгілерімен, құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапаттады. Денсаулық сақшыларын кәсіби мерекелерімен құттықтаған Астана қаласы әкімінің орынбасары Әмірхан Рақымжанов сондай-ақ, қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың атынан алғыс хаттарды табыстады. Бүгінде елорданың денсаулық сақтау жүйесінде бес мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. 2008 жылы қаланың осы саласына бөлінген инвестицияның жалпы көлемі 13,8 миллиард теңгені құрады. 2009 жылы бұл көрсеткіш 16 миллиард теңгеге жетті.