***
«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, жазғы каникул жақындаған сайын белсенділігі күрт артып кететін депутаттар кеше де аянып қалмапты. Олар Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылған отызға жуық құжатты бас-аяғы бірнеше сағаттың ішінде қарап, қиюын келістіріп жіберіпті. Бұл жайында басылымның бейсенбілік нөмірінде жарық көрген «Министр мен депутат сыйлық үшін «шекісіп» қала жаздады» деген мақаладан оқи аласыздар. Тақырыпқа тұздық болған мәселе Кедендік одақ аясында шет елден тек 50 келіге дейін жүкті тегін әкелуге болады деген талап төңірегінде өрбіген.
«Болашақпен» оқып келгендердің білімін пайдалануды үйлестіру орталығын құру керек пе?». «Алаш айнасы» газетінің «Ой-көкпар» айдарының бүгінгі осы сауалына жауап берген саясаттанушы Мұхит Асанбаев «Үйлестіру орталығын құру туралы айтпас бұрын осы «Болашақ» бағдарламасының өзі қаншалықты керек бізге, міне, сол жағын ойланып көрейікші. Менің ойымша, соның қажеті жоқ. Рас, әу баста үкілі үміт арттық. Елдегі кадрдың қадірін арттырады деп ойладық. Алайда біз күткендей нәтиже бермеді», депті. Ал ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының орталық жетекшісі Әлия Мұхамеджанова «Болашақпен» білім алып келгендерге жағдай жасау мәселесін төтесінен қоятын кез әлдеқашан жеткен. Өйткені Үкімет қоржынынан қыруар қаржы бөлінген екен. Енді соны тиімді жұмсалып, дүрыс игерілгені дұрыс емес пе?», деген ойын алға тартады.
Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ҚР Үкіметі жанындағы кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі бірыңғай үйлестіру кеңесінің отырысын өткізді. Бұл ақпаратты «Алаш айнасы» газеті ҚР Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлап отыр. «Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанованың ақпараты бойынша, бүгінгі таңда екінші деңгейлі банктер жалпы сомасы 194 млрд. теңге көлемінде несие алу үшін кәсіпкерлерден келіп түскен 452 өтінімді қарастырып жатыр, соның ішінде жаңа бизнес бастамаларды қолдау үшін (22,6 млрд. теңге көлемінде 37 өтінім), кәсіпкерлердің сауықтыру секторы үшін (151,2 млрд. теңге көлемінде 402 өтінім), экспортқа шығарылатын өнімді қолдау үшін берілген өтінімдер (20,3 млрд. теңге көлемінде 13 өтінім) бар», деп жазады басылым.
***
Астана қалалық мәслихатының құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй шаруашылығы жөніндегі тұрақты комиссиясы бар. «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі нөмірінде осы комиссияның төрағасы Жаңбыршы Нүркеновпен арадағы сұхбат «Мамандандырылған мекеме керек» деген тақырыппен берілген. Сұбат барысында қала ішінде қатынайтын қоғамдық көліктердің саны да, сапасы да жақсарып қалғандығын атап өткен мәслихат депутаты «есесіне, елордадағы таксилердің жұмысы жолға қойылмай отыр. Осы күні қалада мемлекеттік таксомоторлық мекеме жоқ. Соның салдарынан екінің бірі - таксист. Жеке меншік тасымалдаушылар сапа түгілі қауіпсіздік ережелеріне жауап бермейді. Олардың жұмысын қолға алмаса болмайды», депті.
Сондай-ақ осы басылымның «Әлеумет сауалы - әкім жауабы» айдарында қала басшысы Иманғали Тасмағамбетов елордалықтардың толғандырған сауалдарына тұщымды жауап берген.
***
«Иордания астанасы Амман шаһарының орталық көшелерінің біріне Қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді. Даңғылдың ашылу салтанатына Қазақстаннан бір топ мемлекет және қоғам қайраткерлері барды», деп жазады «Айқын» газеті «Араб дүниесі Назарбаевты «Жарық сұлтаны», «Адамдарға нұр сыйлаушы сұлтан» ретінде ерекше қадірлейді» атты мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Аммандағы даңғылға Н.Назарбаевтың есімін беру бастамасын Король әкімшілігі көтерген.
Кеше тығыз жұмыс кестесінен уақыт тапқан ел Президенті елорда төріндегі «Шабыт» шығармашалық сарайында болды. Аталған білім ордасының басшысы Айман Мұсақожаева Елбасына білім ошағының жаңа мамандар дайындайтын дәрісханаларын, шағын кинолар түсіруге және таза дыбыс жазуға арналған режиссерлік студияларын, көркем және хореографиялық залдарын, балет сыныбын аралатып, таныстырған. Мақаланың егжей-тегжейін «Айқын» басылымның бейсенбілік санындағы «Елбасы «Шабытқа» кірді» деген тақырыптан оқи аласыздар.
***
«Нұр Астана» газетінің жазуынша, биылғы «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алуға ниет білдірген ауыл жастарына, мемлекеттік қызметшілерге, ғылыми және педагог қызметкерлерге және ғылыми тағылымдамадан өту үшін ғылыми қызметкерлерге квота қарастырылған. Халықаралық стипендия аясында белгіленген квотаға іліккендер үшін шет тілін білудің ең төменгі деңгейі жалпы конкурс негізінде тапсырған талапкерлерге қарағанда төмендетілген. Сонымен қатар, үміткерлердің осы санаттары үшін кемінде 4 оқу семестрінде тілдік курстардан өту мүмкіндігі, ғылыми тағылымдамадан өтуге үміткерлерге ұзақтығы кемінде 1 оқу семестр болатын тілдік курстар көзделген.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Астанадағы Жаңа университеттің оқу, ғылыми және әкімшілік кешендерінің, «Хан Шатыр» сауда-ойын сауық орталығының, сондай-ақ «Хазірет Сұлтан» жаңа мешітінің құрылыс жұмыстарымен танысқан. Басылым бұл ақпаратты ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлап отыр.