Министр менингиттен көз жұмғандардың отбасымен кездеседі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов менингококк вирусына қарсы күрес бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар тиімділігін бағалау үшін Алматы қаласы мен Алматы облысына іссапарға шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең алдымен, республикалық штаб жоспарлаған және белгілеген шараларды атқарудың тиімділігін бағалап көргіміз келеді. Бұл Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті жүргізетін алдын алу және эпидемияға қарсы шаралар. Олардың қаншалықты тиімді жүргізіліп жатқаны тексеріледі», - деді Елжан Біртанов ҚР Үкіметінде журналистер сұрағына.

«Аурудан көз жұмған науқастардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз және мүмкіндігінше олармен кездесуге тырысамыз», - деп өз сөзін толықтырды министр.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда 2018 жылдың басынан бері өлім қаупі жоғары бактериялық менингококк инфекциясын жұқтырды деген күдікпен 593 адам қаралған және 213 адам емдеуге жатқызылған. Олардың арасында 58 науқастан менингококк инфекциясы расталды. Науқастар арасында 14 жасқа дейінгі балалар саны - 21. Бүгінге дейін он адам емдеп шығарылды және 55 науқас ем алып жатыр.

Аталған сырқаттан 13 адам қайтыс болды: Алматы облысында - 4, Қызылорда облысында - 1, ОҚО - 2, Алматы қаласы - 6 адам. Өкінішке қарай, қайтыс болғандар арасында алты бала бар.

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бүгінгі Үкімет отырысында министрлік пен жергілікті әкімдіктерге менингококке қарсы вакцина бағасын төмендетуді тапсырды.