Министр Meta-дан қазақ музыкасының жойылуы туралы: Ұжымдық басқару саласында кемшілік бар

Фото: Фото: pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM – Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Үкімет отырысында Meta платформаларынан қазақ музыкасының жойылуы туралы пікір білдірді.

— 2024 жылы күз айында қазақстандық музыканы Meta платформаларынан алып тастау оқиғасы ұжымдық басқару саласындағы кемшіліктерді айқын көрсетті. Көптеген танымал автор мен орындаушы өздерінің осы платформадағы шығармалары үшін сыйақы алмағандары туралы шағымданды.

Осыған орай, бұл саланы цифрландыру қажет. Авторлар мен өзге де құқық иеленушілерге барлық кезеңді онлайн форматта қадағалау мүмкіндігін беру жоспарланып отыр. Яғни келісім-шарт жасау, сыйақы жинау, бөлу және төлеу кезеңдерін онлайн бақылау. Жалпы жасанды интеллект элементтері бар цифрлық платформаны енгізу мәселесі пысықталуда, - деді Ерлан Сәрсембаев.

Сондай-ақ министр талдау және есептілік жүйесін енгізу арқылы мемлекеттік тізілімге тіркелген зияткерлік меншік объектілерін іздеу жүйелерін жетілдіру жоспарда бар екенін атап өтті.

— Мобильдік қосымшаны әзірлеу, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияны кеңейту қолға алынады, - деді министр.

Айта кетейік, кейінгі үш жылда нотариустардың қызметі 28%-ға қымбаттаған.