Министр Оралов легионерлерге қатысты пікір білдірді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Түркістан облысының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, аудандар мен ауыл жастары спортпен шұғылдану үшін мектеп-интернат-колледждерде білім алуы керек. Қазіргі таңда еліміз бойынша 20 аймақтың 12-інде спорт мектеп-интернат-колледжі бар, қалған 8 өңірде жаңадан ашылатын болады. Осылайша, жастарды кәсіби спортқа тарту жұмысы жалғаса береді.

Сұрақ-жауапқа ұласқан жиында жиналған жұрт өз ұсыныстары мен сауалдарын жолдады.

Мәселен, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, ақын Айдар Сейдазым облыстағы ақын-жазушылардың кітаптарын жарыққа шығару мәселесін көтерді. Асхат Оралов өз кезегінде түркістандық қаламгерлердің жинақтарын мемлекеттік тапсырыс аясында шығаруға министрлік тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Ал Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов спорттағы легионерлер мәселесін қозғады. «Менің өзімнің жеке пікірім, легионерлерді емес, қазақтың балаларын көтеру қажет. Оларға жағдай жасауымыз керек» — деді министр.

Сондай-ақ ведомство басшысы ауылдағы жағдайды ескере отырып, спортты дамытуға қолайлы жағдай жасалатындығын жеткізді. 2029 жылға дейін халықтың 50 пайызы бұқаралық спортпен жүйелі түрде шұғылдану керек деген мақсат қойылып отыр.